Қала келбеті: Алматылық оқушы ауадан су өндірудің оңтайлы жолын тапты

Қондырғысы үшін бастама авторы Оңтүстік Корея мен Индонезияда өткен халықаралық байқауда жүлделі бірінші орынды жеңіп алған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty.TV-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті санын жас ғалымның тіршілік нәрін электр қуатынсыз, атмосферадан жинайтын құрылғысына арнайды.

Алматылық дарынды оқушы Дана Қадырбек ауадан су жинайтын қондырғы ойлап тапты. Құрылғының құрылымы ерекше. Өзен, көл жоқ жерде арнайы наноматериалдың көмегімен ылғалды сіңіріп алатын қасиеті бар. Ерекшелігі – жабдық электр қуатын да қажет етпейді. Демек, энергия тапшылығын тудырмайды, қоршаған ортаға кері әсер бермейді. Ал тың технологияның тиімділігі судан таршылық көрген заманда арта беретіні анық.

«Ішуге жарамды ауыз су өндіру мәселесі – әрдайым өзекті. Бұл тақырыпты еліміздің ғана емес, шетелдің де ғалымдары көптен бері зерттеп жүр. Ал Дананың қондырғысы – оның өз қолынан шыққан ерекше жоба. Ол оған екі жылын сарп етті. Өте қызықты әрі қажетті ғылыми жұмысын ұсынды. Елдегі зерттеушілер, тіпті министрліктің бастамаға ерекше көңіл бөлді. Келешекте Дана осы салаға деген қызығушылығын арттырып, Қазақстандағы жоғары оқу орнының біріне түсуді жоспарлап отыр», – деді ұстаз Әлия Серікбаева.

«Елде су тапшылығы байқала ма?» деген сауал Дананы қондырғы жасап шығаруға итермелеген. Мәселені оңтайлы түрде шешуге болатынын аңғарған ол, екі кезеңде жұмыс істейтін құрылғы құраған. Яғни, жабдық түнде ылғалды сіңіреді, күндіз шықтанады. Сөйтіп таза су өндіріледі. Қондырғы бір мезетте 20 литрден 200 литрге дейін сұйықтық шығара алады. 

«Су тапшылығы – Қазақстандағы өзекті мәселенің бірі. Тіршілік нәрі жетіспеушілігінен елімізде көп жер пайдаланылмай отыр. Мемлекет басшысы Жолдауында осы салада өзгеріс қажет екенін айтқан болатын. Дәл сол кезде мен наноматериалдарды зерттеп жүргем. Кейін олардың атмосферадан ылғал жинай алатын қабілеті бар екенін байқадым», – деді жас ғалым Дана Қадырбек.

Жобаның жетістігі де көп. Сырт елде танылып үлгерген. Қондырғысы үшін бастама авторы Оңтүстік Корея мен Индонезияда өткен халықаралық байқауда жүлделі бірінші орынды жеңіп алған.

Ал Қазақстанда жабдық үздік «жасыл технология» тізіміне еніп, мемлекеттік грант иеленген. Қазір оның климаттық жағдайға қаншалықты төзімді екенін зерттеп жатыр. Экологтардың айтуынша, мұндай тың технология судың қадірін түсінуге, электр қуатын үнемдеуге, табиғатқа түсетін жүктемені төмендетуге көмектеседі. 

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда көктемде 1438 жас әскерге шақырту қағазын алған

Новости партнеров