Бақытын еңбектен тапқан ұжым: «Made in Almaty» бағдарламасының жаңа шығарылымында нан өндірісі жөнінде

Almaty.tv
Almaty.tv

Өнеркәсіптің болашағы – инвестицияларды дамыту, жұмыс орындарын құру және технологияларды енгізу

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty tv телеарнасы бизнестің дамуы туралы «Made in Almaty» жобасының жаңа шығарылымын ұсынады. Әр репортажда креативті және қарқынды дамып келе жатқан компанияларға – ірі зауыттардан бастап шағын шеберханаларға дейін ерекше назар аударылады.

Алматы – кәсіпке бет бұрған, өндірісі өркендеген қала. Осы себепті шаһар әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 2025 жылы шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау үшін бюджеттен 71 миллиард теңге бөлініпті. Қызығы сол, 2030 жылға қарай бұл саланың Алматы экономикасына қосар үлесін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ал 2025 жылдың алғашқы үш айында тамақ өнеркәсібінде өсім байқалды. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 1,6 пайызға артып, 80,6 миллиард теңгеге жетті. Берекелі істің көш басында наубайханалар желісі де тұр. Сондай кәсіпорындардың бірі бүгінде қала тұрғындарының 50 пайызын нанмен қамтамасыз етіп отыр. Бұл зауытта 8 цех бар. Онда шамамен 500 түрлі өнім дайындалады. Наннан бөлек, тоқаш және тіскебасар тәтті-дәмдінің түр-түрі әзірленеді.

«Әлеуметтік және қара бидай нан өнімі бар,яғни, ол күніне 65-70 тоннаға дейін өндіреді. Батон мен диеталық нан сұранысқа өте жоғары», – деді инженер-технолог Әлия Ахатқызы.

Кәсіпорын тоқтаусыз жұмыс істейді. Мамандар ауысыммен іске кіріседі. Қызығы сол, бір нанды әзірлеуге 1 сағат уақыт кетеді екен. Алдымен қоспа әзірленеді. Ұнның әр грамы, судың әр тамшысы аса дәлдікпен өлшеніп, арнайы жабдықтың көмегімен қамыр дайындалады. Бөлшектелген шикі өнімді қызметкерлер қалыпқа келтіріп, кейін пешке салады. Атап өтерлігі, кәсіпорында Италия, Германия елінің қондырғылары пайдаланылады.

«Таңертең келіп кезекшілікті қабылдаймыз. Сосын нанның салмағын өлшейміз.   Нан  әдемі пісу үшін нанды жақсы көруіміз керек. Қамырды жақсы көруіміз керек. Соның арқасында, сүйіспеншілікпен нанымыз да әдемі шығады», – деді наубайшы  Ақсәуле Ізім.

Біз кірген диеталық өнім әзірлейтін цехта нанның 30 түрі шығарылады. Ол үшін қара бидай ұны, кебек сынды дән-дақылдар қолданылады. Мұнда 3 пеш бар. Әрқайсысына кем дегенде 200 нан сыяды және құрамы мен қоспасына сай 220 немесе 170 градуста пісіріледі. Ал екінші цехта қара нан дайындалады. Мұндағы жұмыс процесі өзгелеріне қарағанда жеңіл. Себебі көп істің бөлігі автоматтандырылған жүйенің көмегімен жүзеге асырылады.

Зауыттан келген ыстық өнімді фирмалық дүкендерден 20 пайызға төмен бағада алуға болады. Ерекшелігі, кәсіпорында жыл сайын 10-ға жуық нанның түрі мен құрамы жаңартылып отырады екен. Бастысы, зауыт тұтынушы сұранысына, талабы мен талғамына сай бейімделе алған. Енді ұжым Шымкент қаласында да наубайхана ашуды көздеп отыр. Атап өтейік, қалада дәл осындай қарқынмен жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар жетерлік. Көрсеткішті жақсартып, қала экономикасын одан ары көтеру үшін биыл Алматыдағы индустриалды аймақта 11 жобаны іске қосу жоспарланған. Бастама нәтижесінде 2600 адамға жұмыс орны ашылмақ.

Almaty TV-де «Алматы көшелері»«Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарламалар жарық көргенін еске салайық. 

Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобалары көрерменге жол тартады.

Оқи отырыңыз: Сапа — басты назарда: «Made in Almaty» бағдарламасының жаңа шығарылымында сабын өндірісі жөнінде

 

Новости партнеров