Қала келбеті: Алматы экологиясына кері әсерін тигізген жүргізушілерге 653 миллион теңге айыппұл салынды

21.11.2025 21:19

Темір тұлпары талапқа сай келмеген 20 мың адамға әкімшілік хаттама толтырылды

Биыл Алматы экологиясына кері әсерін тигізген жүргізушілер 653 миллион теңге айыппұл арқалаған. Темір тұлпары талапқа сай келмеген 20 мың адамға әкімшілік хаттама толтырылыпты. Түрксіб ауданында экологиялық рейд ұйымдастырған мамандар осындай дерек айтты. Олар бұл жолы автокөліктердің ғана емес, автобустардың да техникалық жағдайын бақылады.

Almaty.TV-де «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны қаланың ауа сапасын жақсарту үшін атқарылып жатқан істерге арналмақ.

Алматы атмосферасына жылына шамамен 189 мың тонна зиянды зат шығарылады. Ал оның 112 мыңы автокөліктен бөлінеді. Бұл мәселені реттеп, жағдайды оңалту үшін қалада экологиялық бекеттерден бөлек, 2 жылжымалы зертхана жұмыс істеп тұр. Қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген экокөлік мамандары Рысқұлов көшесінің бойында және автобус паркінің маңайында тексеріс жүргізді. Рейд кезінде 20 темір тұлпардың екеуінде ақау бары анықталды. 

«Кептеліс кезінде қалада 500 мыңға жуық көлік жүреді. Ал тәулігіне қалада 800 мың көлік қозғалыста болады. Соңғы жылдары экологиялық бекеттердің жұмыстары күшейгеніне байланысты экологиялық нормалардан асатын көліктердің саны азайып жатқаны байқалады», – деді экологиялық бекеттің аға экологі Исламбек Нұрмағамбетов.

Экологтің сөзін, сандар да растайды. 2020 жылы қоршаған ортаны шамадан тыс ластайтын көліктердің үлесі 20 пайыз болса, бүгінде 17-ге жеткен. Демек, оң динамика бар. Бірақ мамандардың айтуынша, көрсеткішті жақсарта түсу үшін әлі де талаптарды күшейту керек.  

«Стандарттарды өзгерту керек. Әрине, экобекеттер атмосфераға бөлінген зиянды затқа катысты өзгерісті тіркейді. Бірақ оның ауқымы әлі де тар. Ауа сапасына айтарлықтай әсер беретін басқа да улы элемент көп. Солардың мөлшерін бақылайтын құрылғылар қажет. Талаптарды жаңартуға бүгіннен бастап кіріссек, жыл өте қаладағы жағдай жақсарады», – деді эколог Евгений Мұхамеджанов.

Шаһардағы экологиялық ахуалды реттеу үшін қазір атмосфералық ауаны қорғау туралы ереже де әзірленіп жатыр. Сала қызметкерлерінің айтуынша, қалада «Таза ауа аймағы» белгіленіп, келешекте зиянды қалдық шығаратын көліктерге шектеу енгізіледі.

«Сонымен қоса ескі автокөлікті сатып алу жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз ескі автокөліктерді қала аймағындағы жүрген сатып алып, ары қарай жоюға жіберу. Ол бізге не береді? Қаладағы автопаркті жаңарту, ең лас көліктерді қаланың жолдарынан алып тастау, сол бағытта жұмыс жасау арқылы халыққа экологиялық мәдениетті түсіндіру», – деді   «ЭкоАлматы» ЖШС атмосфералық ауа департаментінің басшысы Айдана Қасен

Атап өтейік, биыл көлігінде ақауы бар жүргізушілер 653 миллион теңге шамасында айыппұл арқалады. Мамандар бақылау күшейіп, талап қатаңдаған сайын ауа сапасы жақсара беретініне сенімді.

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Қала келбеті: мегаполис атмосферасын қорғауға арналған қандай ережелер бар