Мұнда экологияға жанашыр 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған
Алматыда Орталық Азиядағы жалғыз батарея өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. 2024 жылдың өзінде бұл кәсіпорында 3 мың тоннадан астам қоқыс қайта өңделген.
Almaty.TV-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының келесі саны күніне 50 тоннадан астам электрондық қалдықтар заманауи технологияның көмегімен бөлшектеп, қайта өңдейтін кәсіпорын жұмысына арналады.
Көзге көрінбегенімен, салдары ауыр қалдықтың бірі — батарея. Қарапайым қоқыс жәшігіне тасталған әрбір аккумулятор уақыт өте келе табиғатқа улы зат болып сіңеді. Алайда Алматыда бүкіл Орталық Азия аумағында электронды қалдықтарды қайта өңдеу арқылы осы түйткілге тосқауыл қойып отырған бірегей өндіріс орны бар. Мұнда пайдаланылған қуат көздері Қытайдан арнайы әкелінген заманауи жабдықтардың көмегімен бөлшектеліп, ішіндегі іске жарамды материалдар қайтадан өндіріс айналымына жіберіледі.
Мамандардың мәлімдеуінше, құрамында қауіпті химиялық қосылыстары бар батареялар адам ағзасындағы түрлі дерттің өршуіне себеп болады. Бұған қоса, қолданыстан шыққан қуат көздері қоршаған ортаға аса зиянды диоксиндерді бөліп, табиғатты улайды. Сондықтан бұл өндіріс орнында ай сайын кем дегенде 50 тонна электрондық қалдық қайта өңдеуден өткізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл зиянды шығарындыларды 70–80 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
«Біз кез келген электронды қалдықтан қайта пайдалануға жарамды өнім өндіреміз. Соның ішінде батареяларға басымдық береміз. Оларды өңдеу арқылы бірнеше пайдалы өнім аламыз. Оған қоса, табиғатты қорғауға, экологияны таза ұстауға септесіп жатырмыз. Мәселен пайдаланылған аккумуляторлардың 98 пайыздан астамы қайта өңдеусіз қоқыс полигондарына лақтырылады», – деді өндірістік кәсіпорын директоры Рустамжан Юнусбаев.
Алматының индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорын мың шаршы метрді алып жатыр. Мұнда экологияға жанашыр 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Мен бұл кәсіпорында 2019 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Күнделікті бірнеше тонна электрондық қалдықты өңдейміз. Олардың ішінде аса қауіпті батареялар мен аккумуляторларды бөлшектейміз. Бұл – Орталық Азиядағы экологиялық бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан жалғыз кәсіпорын», – деді өндірістік кәсіпорын қызметкері Николай Югай.
Мамандар электрондық қалдықтарды бей-берекет қоқысқа тастамауға үндейді. Өйткені әрбір аккумулятор дұрыс өңделсе, табиғатты қорғауға қосылған нақты үлес екенін айты. Ал мұндай бастамалардың Алматының экологиялық келбетін жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз.
Мәди Мәлік, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматыдағы балабақшада бүлдіршіндер бидай өсіреді