Табиғатты танудың ерекше тәсілін меңгерген балалар қоқыс сұрыптап, оны кәдеге жаратудың да жолын біліп алған
Алматыда бүлдіршіндерге бидай өсіріп, өнім алуды үйрететін балабақша бар. Тәлім алушылар өскінді күтіп-баптап, бақылайды. Ал тәжірибені мекеменің зерттеушілер алаңында жүргізеді. Бұл кабинет бөбекжайдың «Жасыл әлем өз қолымызда» атты төл бағдарламасының аясында ашылған.
Almaty.TV-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны бүлдіршіндердің еңбегіне арналады.
Еңбекке деген құрмет әрі қоршаған ортаны қорғап, күтіп-баптаудың маңыздылығы келер ұрпақтың санасына ерте жастан сіңіріледі. Ал бұл істе балабақшалардың атқарар рөлі орасан. Сондай бөбекжайдың бірі бүгінде бүлдіршіндерге дақыл егуді үйретіп жатыр. Тәрбиешілердің нұсқауымен балалар бидай тұқымын топыраққа салып, уақытылы суарып отырады. Өсімдіктің өсу процесін бақылайды. Тіпті кезек-кезек алмасып, дұрыс жетілуін қадағалайды. Арамшөптен тазалап, жерін қопсытып та қояды.
«Бірінші аптада балалар топыраққа бидайды егеді. Екінші апта қаншалықты өсті, процесті қарайды. Үшінші аптада, биіктігін өлшеп отырады. Арқа тобында QR арқылы барлық баланың жұмысы ата-анаға да ұсынылады», – деді балабақша әдіскері Жазира Мұстафина.
Өскен дақылды бүлдіршіндер жуып тазалайды. Одан соң, ұсақтап шығады. Бидай ұнтақталғаннан кейін, балалар тағамның түр-түрін әзірлеуге кіріседі. Ал балабақшада тәлім алушыларға суды үнемдеудің маңызы да жіті түсіндіріледі. Бөбекжай қызметкерлері қызықты тәжірибе жүргізіп, тіршілік нәрін дұрыс пайдалану жолын айтады.
«Әр нәрсе мынау адамның басынан, тазалығынан басталуы керек. Үйде де тазалыққа көңіл бөледі. Көмектеседі. Болмаса далада қоқыс шашылып жатқанын көрсе, назар аударад. «Қоқыс шашып кетіпті» деп ойын білдіріп жатады. Балабақшадан көргенін, білгенін үйге айтып келеді», – деді қала тұрғыны Нұрлан Иманқұлов.
Табиғатты танудың ерекше тәсілін меңгерген балалар қоқыс сұрыптап, оны кәдеге жаратудың да жолын біліп алған. Құты қақпағы, тағам ыдысы мен қағаз қалдығын пайдаға асырып, ата-аналары әрі тәрбиешілерімен бірлесе мекеме дәлізін, қабырғаларын безендіріп қойған. Бастысы, бұл балабақшада қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруді үйретуге көп мән берілген. Бүлдіршіндер таңнан кешке дейін таным көкжиегін кеңейтіп жатыр.
«Өсімдіктерді өсіру арқылы оның тірі зат екенін балаларға кішкентай кезінен түсіндіріп жатырмыз. Осы арқылы балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі, мейірімі оянады», – деді балабақша меңгерушісі Рая Шәрапиева.
Атап өтейік, бөбекжайдың ашылғанына 10 жыл болды. Мекемеде 385 бала тәлім алады. 16 топ бар.
Кішкентайынан табиғатты сүйіп өскен баланың пейілі кең, санасы сергек болады. Сол себепті, ұрпақ тәрбиесі оларды қоршаған ортаға деген жанашырлыққа баулудан басталуы тиіс.
Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматылық оқушы ауадан су өндірудің оңтайлы жолын тапты