Қоймаға жеткізілген киімнің бір бөлігі сығымдалып, шетелге экспортталады
Алматыда бір айдың ішінде 30 тонна тоқыма қалдығын өңдейтін жоба жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын ұжымы ескі киім мен төсек жабдығын, тігін өндірісінен қалған қоқысты сұрыптап, кәдеге жаратып келеді. Тапсырылған заттардан шүберек шығарады, жастықшалар тігеді.
Almaty.tv-дегі «Қала келбеті» бағдарламасы кезекті санын бастаманың қаланың ауа сапасын жақсартуға қосқан үлесіне арнамақ.
Үйіңізде ескі киім мен төсек жабдығы болса оны қоқысқа тастауға асықпаңыз. Себебі, Алматыда қажетке жарамсыз тоқыма өнімін қабылдайтын, сұрыптап, кәдеге асыратын арнаулы кәсіпорын бар. Атап өтерлігі, жоба жұмысын қыста бастаған. Бастаманы жеке инвесторлар қолдапты. Ал идея авторы Денис Лекомцев қазірдің өзінде нәтиженің көңіл көншітіп отырғанын айтады. Неге десеңіз, ұжым айына 30 тонна қалдық жинап, одан шүберек пен техникалық талшық әзірлейді.
«Жобаның экологиялық тиімділігіне келсек, бастама арқылы қоқыс полигондарына түсетін жүктемені азайтамыз. Ауадағы зиянды газ мөлшерін де төмендетуге жағдай жасаймыз. Себебі, 1 келі тоқыма өнімінің қалдығы атмосфераға 3,6 килограмм СО2 бөледі. Қысқаша айтқанда, Алматының ауа сапасын жақсартуға үлес қосамыз», – деді жоба авторы Денис Лекомцев.
Ал қоймаға жеткізілген киімнің бір бөлігі сығымдалып, қапқа жиналады. Кейін шет елдерге экспортталады. Өйткені, өзге мемлекеттерде де шүберек өндірісіне сұраныс жоғары.
Ал қолдануға келмейтін затты бірден қоймаға әкелудің қажеті жоқ. Тұрғындарға қолайлы болуы үшін қаланың әр ауданында киім қабылдайтын контейнерлер қойылған. Олардың саны бүгінде 28-ге жетіпті. Соның бірі – Әуезов көшесінің бойында тұр. Контейнер маңайында Алтынай есімді бастамашыл жастардың бірін кездестірдік. Ол экожобаға жиі атсалысатынын айтты.
«Менің ойымша осындай жобалар өте пайдалы. Өйткені экологиялық қиындық бар. Көп киім қоқысқа лақтырылады. Қаланың тұрғындарына киімді ұқыпты тапсыруын сұраймын», – деді қала тұрғыны Алтынай Нұрғалиева.
Жоба авторлары бұл іске тұрғындар тарапынан қызығушылықтың жоғары екенін айтты. Жақын арада контейнерлер санын 40-қа жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ елдің өзге де өңірлерінде бастаманы қолға алу ойда бар.
Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматыдағы зауытта күніне 1400 тонна тұрмыстық зат сұрыпталады