Қала келбеті: Алматыдағы зауыт пластик қалдықты асфальтқа қажетті қоспаға айналдырады

25.09.2025 18:57

Кәсіпорын қала төңірегінде пластиктен жол төсемесіне қажетті өнім дайындайды

Жыл сайын жаһан жұрты шамамен 500 миллион тонна пластик өндіреді. Халықаралық ұйымдардың дерегінше, бұл қалдықтың небәрі 9 пайызы ғана қайта өңделсе, 14 проценті отқа жағылады екен. Ал қалғаны қоқыс алаңдарына жиналады. Соның салдарынан қоршаған орта ластанады. Бірақ тың жобалардың көмегімен қауіптің бетін қайтарып, пластикті екінші мәрте қолдануға болатынын дәлелдеп жүргендер де бар. Сондай ұжымның бірі жол төсемесіне қажетті арнайы қоспа әзірлейді. Бастаманың тиімділігі неде? Ал экологияны жақсартуға қандай үлес қосады? Толығырақ Almaty.tv-дегі «Қала келбеті» айдарының кезекті шығарылымында тарқатамыз.  

Пластик өнімінен дайындалған дорбалар, құтылар мен бөтелкелер қоқысқа жиі тасталатын қалдықтардың қатарында алдыңғы орында тұр. Мәселен, бір ғана Алматының өзінен күнделікті мыңдаған тонна керексіз зат шығарылады. Шаһардағы экостансаларда бір күнде жүздеген келі қалдық сұрыпталады. Дегенмен осыншама қоқыстың көп бөлігін кәдеге жаратып отырғандар да жоқ емес. Сондай кәсіпорынның бірі қала төңірегінде пластиктен жол төсемесіне қажетті өнім дайындайды. Компания 6 жылдан бері жұмыс істеп тұр.

Кәсіпорындағы жұмыс қарқыны күні-түні бәсеңдемейді. Мұнда пластиктің 3 түрі ұсақталған күйде жеткізіледі. Ал мына қондырғы арқылы қайта ұнтақталған бұл өнімге кейін 2 химиялық зат қосылады. Одан соң барлығы араластырылады. Осылайша, жол төсемесіне қажетті қоспа дайындалады. Қызығы, жоба қазірдің өзінде Шығыс, Ақмола мен Қостанай облыстарында тиімділігін көрсетіп үлгерген.

«Осы салада көптен бері жұмыс істеймін. Пластиктен асфальтқа қажетті өнім жасап шығарамыз. Ең бастысы, қоспа суық күйінде дайындалады. Яғни, ештеңені күйдіріп, қыздырудың қажет жоқ», - деді кәсіпорын қызметкері Максим Гагарин.

Зауытта 20 адам еңбектенеді. Кәсіпорын күніне 4 тонна пластик қалдығынан қоспа дайындап шығаруға қауқарлы. Жоба авторлары бұл әдіс арқылы экологияны жақсартып, жол жабынының сапасын 2,5 есеге арттыруға болады дейді. Атап өтерлігі, өндірістегі бұл тың тәсілді Үндістан мен Ұлыбританиядан кейін, Қазақстан қолданып жатыр екен.

«15 жыл бойы Ұлыбританияда оқыдым. Білім алып, жұмыс істедім. Бұл тақырып ол елде өте өзекті. Көпшілік өндірістен, күнделікті тұрмыстан қалған қалдықты өңдеуге ұмтылады. Міне, дәл сол тәжірибені меңгеріп, істен шабыт алып, біздің мемлекетте де тың әдістерді қолдануға болатынын көрсеткім келді», - дейді кәсіпорын директоры Михаил Бессонов.

Сала сарапшылары да жолға қойылған істің қоршаған ортаға пайдасы бар екенін айтады. Себебі, кәсіпорында дайындалған арнайы қоспа асфальт төсеуге қолданылса, 1 шақырым жолдың өзіне 2 тонна пластик қалдығын, яғни, шамамен 30 мың бөтелкені пайдалануға болады екен. Сондай-ақ бастама ауаға бөлінетін зиянды зат мөлшерін азайтуға көмектеседі дейді.

«Әлем елдерінің көбі мұнай өңдейтін зауыттардан шығатын полимерлерді пайдаланады. Олардың қатарында стирол-бутадиен, альфа-олефин сияқты қоспалар бар. Бірақ бұл полимерлер де химиялық жолмен өндіріледі. Ал оның 1000 келісін шығару үшін ауаға кем дегенде 60 тонна СО₂ бөлінеді. «Кешенді полимерлі дисперсті нығайтушы» қоспа болса, мұндай зардап келтірмейді», - деді Халықаралық көлік академиясының академигі Дмитрий Бессонов.  

Мамандар экологиялық тиімділіктен бөлек, бастама ел бюджетін үнемдеуге, өзге мемлекеттерден келетін өнімдердің орнын алмастыруға септеседі дейді. Ал жоба авторлары бұл іспен шектеліп қалмақ емес. Енді пластик қалдығынан уақытша жол салуға арналған топырақ тұрақтандырғыш әзірлеуге көшпек.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматыда ай сайын 30 тонна тоқыма қалдығы өңделеді