Қала келбеті: бүлдіршіндердің экологиялық мәдениеті қалай қалыптасуда

Алматыдағы № 187 бөбекжайда табиғатпен үйлесімді өмір сүруді үйретуге ерекше мән беріліледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Табиғатқа жанашырлық ұрпақ тәрбиесінен басталады. Осы қағиданы ұстанған балабақшалар да «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Солардың бірі – Алматыдағы № 187 бөбекжай.

Almaty.tv балдырғандардың танымға деген талпынысын «Қала келбеті» бағдарламасының екінші шығарылымын арнайды. 

Ашылғанына 5 жыл болса да талайды қанаттандырған, ептілікке үйреткен бұл балабақшада 280 бүлдіршін тәлім алады. 14 топ бар. Мекемеде табиғатпен үйлесімді өмір сүруді үйретуге ерекше мән берілген. Балалар таңнан кешке дейін таным көкжиегін кеңейтеді. Түрлі тақырыпқа бағытталған сабақтарға қатысады. Айналаны тазартып, шашылған қоқысты теруге машықтанады. Кейін оны арнайы жәшіктерге сала отырып, жинақылыққа дағдыланады. 

Бүлдіршіндер қағаз бен пластикті түр-түрге бөліп, қоқыс сұрыптауды әбден үйреніп алған. Себебі, қалдықты қайта өңдеуге болатынын білген бала – қоршаған ортаны бағалайды. Міне, дәл қазір олар сол заттардан түрлі кескіндемелер жасап, оны бояп, әсемдеп, шығармашылық қабілетін шыңдап жатыр. Ал келесі топ өздері еккен көкөністі суарып, топырақ қопсытып жүр. Атап өтейік,  шағын ғана алаңқайда бүгінде 5 түрлі бақша дақылы өсіп тұр. Осылайша, болашақтың есті ұрпағы табиғатты танудың тамаша тәсілін меңгеріп келеді.

«Баланы балабақшадан бастап ұқыптылыққа, табиғатты аялауға, қамқорлыққа, тауды-тасты, өскен жерін, топырақты, ауаны құрметтеуге тәрбиелеу – басты мақсатымыз. Балаларға табиғи дамытушы орта қалыптастыру – міндетіміз», – деді балабақша меңгерушісі Фарида Омарбекова.

Балалар бұл іспен шектеліп қалмайды. Тозығы жеткен киімдерді де кәдеге жаратады. Ескі жейде, көйлектердің матасынан өрім өреді, ұлттық өнерді игеріп шығады. Сол арқылы балабақша қабырғаларын да безендіреді.

«Ұлым көше бойында шашылып қалған қоқысты көрсе, оның дұрыс еместігін айтып түсіндіреді. Осындай ойы арқылы мекемеде оны жауапкершілікке тәрбиелеп жатқанын байқап, қуанып қаламын. Барлығы кішкентай заттан басталады ғой. Балам қалдықты көшеге тастамау керек екенін, оны керісінше пайдаға асыруға болатынын біліп жүргеніне дән ризамын», – деді қала тұрғыны Ольга Беличенко.  

Бөбекжайда жол қозғалысы ережесін үйрететін алаңқай бар. Қызығы сол, ондағы макеттерді балалар ата-аналарымен бірлесе түрлі қалдықтан дайындап шыққан. Жобамен байқауға қатысып, жүлделі орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрініпті.

 «Биыл мамырда «Таза қала» конкурсына қатыстық. Ол байқауға өз тобымды алып бардым. Қораптан жасап шыққан көліктерді, жол белгілерін қазылар алқасына көрсетіп, 3-орынды жеңіп алдық. Сайысқа барғанымызға қуаныштымыз, себебі қаншама қатысушының арасынан суырылып шығып, үздіктер қатарынан көріну де – үлкен ерлік», – деді тәрбиеші гүлмира Суджекова.

Балабақшада жыл сайын «Жасыл желек» жобасы да іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде бүлдіршіндер тал егіп, көшет отырғызудың қыр-сырын үйреніп жатыр. Кішкентайынан табиғатты сүйіп өскен баланың пейілі кең, санасы сергек болатынын ескерген жөн. Ендеше, келешек ұрпақ тәрбиесі оларды тазалыққа баулудан басталуы тиіс.

Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Аlmaty TV-де "Қала келбеті" атты жаңа айдар эфирге жол тартады

Новости партнеров