Қоршаған ортаны шамадан тыс ластайтын көліктердің үлесі 17 пайызға азайған
Қоршаған ортаны ластаған жүргізушілерге былтыр 600 миллион теңге айыппұл салынған. Заң бұзғандардың темір тұлпарынан шыққан улы зат мөлшері белгіленген деңгейден асып кеткен. Мамандардың айтуынша, ақауы бар көліктерде бұл көрсеткіш тым жоғары. Олар ауаға 14 есе көп зиянды қалдық бөледі. Қазір қалыптасқан жағдайды экологиялық бекеттер реттеп отыр.
Almaty.tv-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны сала қызметкерлерінің шаһар тазалығы үшін қосқан үлесіне арналады.
Алматы атмосферасына жылына шамамен 189 мың тонна зиянды зат шығарылады. Ал оның 112 мыңы автокөліктен бөлінеді. Бұл мәселені реттеп, жағдайды оңалту үшін экологиялық бекеттер қарқынды жұмыс істеп жатыр. Бүгінде олардың саны 19-ға жектен. Былтырдың өзінде орталық қызметкерлері 200 мыңнан аса көлікті тексеріп, оның 30 мыңынан олқылық тапқан. Олардың қатарында ескі көліктердің үлесі көп.
«Алты экологиялық класс болады. Оның ішінде 3 классқа дейінгі машиналардың СО құрамының стандарт нормасы 0,50, 3 класстан жоғары 0,30, ал ескі машинада нормасы 3,50-ге дейін рұқсат етілген», – деді экологиялық бекеттің аға экологі Исламбек Нұрмағамбетов
Экологиялық бекетте күнделікті 40-50 көлік тексеріледі. Мұнда қажетті жабдықтың барлығы бар. Мамандар зиянды заттың мөлшерін анықтайтын құрылғыны автокөліктің түтін шығару жүйесіне салады. Одан соң, 1 минуттың ішінде темір тұлпар иесінің тәртіп сақтағаны немесе заң бұзғаны анықталады.
Орталықта жеңіл көліктің те, ауыр техникалардың да техникалық жағдайына баға беріледі.
«Көлік иесінің заңға бағынбағаны анықталса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың 334-ші бабы, 1-ші тармағы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Іс-әрекет қайталанса, 20 айлық есептік көрсеткішке өседі. Экобекеттер іске қосылғалы бері тәртіп айтарлықтай күшейген. Оң өзгеріс байқалады», – деді Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Мерей Исмамбетов.
Тәртіп сақшысының сөзін сандар да растайды. 2020 жылы қоршаған ортаны шамадан тыс ластайтын көліктердің үлесі 20 пайыз болса, бүгінде 17 пайызға азайған.
«Көлігім 2003 жылғы. Автосервиске жиі кіргіземін. Жанар-жағар майдың сапаласын құямын, тек АИ-95. Ешқандай ақау болмауы үшін, темір тұлпарды күтіп қарағанды ұнатамын. Олқылық байқала қалса, бірден тексертемін», – деді қала тұрғыны Кұрбан Гасанов.
Экологиялық ахуалды реттеу үшін қазір арнайы ереже де әзірленіп жатыр.. Олардың айтуынша, шаһарда «Таза ауа аймағы» белгіленіп, зиянды қалдық шығаратын көліктерге шектеу енгізіледі.
«Жоспар бойынша ескі автокөліктердің сатып алып, қолма-қол ақша немесе экологиялық таза автокөлік алуға сертификат береміз», – деді «ЭкоАлматы» ЖШС Атмосфералық ауа департаментінің басшысы Айдана Қасен
Атмосфералық ауаны қорғау туралы қағида қабылданса, бұл жобалар 2026 жылдан бастап іске қосылады.
Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Alma Love фестивалі аясында экологиялық күн қалай аталып өтті