Қоқыс сұрыптау: Алматыдағы экохабта қандай тың бастама жүзеге асуда

31.07.2025 19:57

Экохабтың есігі – табиғатқа бейжай қарамайтын әр жанға ашық

Қоқыс сұрыптау, оны қайта өңдеп, пайдалы дүниеге айналдыру – бүгінгінің басты талабына айналған. Ал Алматыдағы экохаб қызметкерлері бұл іспен көптен бері айналысып келеді. Орталықта пластик қақпақтан экотиын жасалады, үстел мен орындық құрастырылады. Қалдықтың іске жарайтынын дәлелдеген экохабта тағы нендей тың бастама жүзеге асып жатыр? Жобаға кімдер қызығушылық танытқан?

Almaty.tv сұрақтардың жауабына «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті шығарылымын арнайды.

Бұл – қоқысты сұрыптап, қалдықты қайта өңдеп, одан бұйым жасауға мүмкіндік беретін Алматыдағы ерекше орталықтың бірі. Жастардың арасында аса танымалдылыққа ие экохаб тың бастамаларды жүзеге асырып, жандандырып келеді. Оның қатарында экотиын жобасы бар. Токендер пластик қақпақтардан дайындалады. Экокоинды әзірлеу үшін, ең алдымен велошредер құрылғысы қолданылады. Оның көмегімен қалдықтар ұсақталады.

«Мені ең алдымен «жаз айында нендей іспен айналыссам болады?» деген ой мазалады. Студент болған соң, қосымша жұмыс іздедім. Көп ойланып, осы нұсқаға тоқталдым. Себебі экология мәселесі мені көптен бері толғандырып келеді. Қоқыс сұрыптайтын орындардың, өңдейтін орталықтардың аздығы алаңдатады. Осы мәселенің шешілуіне үлесімді қосу үшін экохабты таңдадым.», – деді ерікті Меруерт Әшімова.

Ұсақталған қақпақты еріктілер орталық шеберіне өткізеді. Ал маман арнайы қондырғының көмегімен пластикті экотиынға айналдырады. Оны дайындауға бір минут жеткілікті. Токендерді жинау үшін де тұрғындар белгіленген кофеханаларда ыдысын пайдаланса болғаны. Ұмытпаған жөн, бір экокоин 100 теңгеге теңеседі.

Тұрғындар жинаған экотиынын орталыққа әкеліп өткізеді. Кейін оны телефон тіреуішіне, сондай-ақ химиялық өнімдерге, тыңайтқышқа айырбастай алады. Қызығы сол, бір экотиынды жасауға 2-3 қақпақ жеткілікті. Ал оның күнделікті экохабта 1000 данасын дайындауға мүмкіндік бар.

Экохабта пластиктен әртүрлі сәндік бұйым жасауға болады. Қажет десеңіз, мұнда үстел де, орындық та, тіпті сағат та дайындалады. Сонымен қатар қоқыс сұрыптау алаңы бар. Тұрғындар әкелген қалдық түр-түрге бөлініп, арнайы жәшікке жиналады. Кейін, қайта өңдейтін зауыттарға жіберіледі. Қызық мұнымен аяқталмайды. Экохабтағы бұл құрылғыға көпшілік бөтелкелер мен алюминийден жасалған құтыларды өткізіп, ақшалай сыйақы ала алады. Әр зат үшін шамамен 4 теңге төленеді.

«Қазіргі таңда қаладағы жоғары оқу орнының көпшілігі бізбен байланыс орнатып үлгерді. Барлығы серіктес болуға ниетті. Ал экохабқа келіп, көмек беруге асығатын еріктілер өте көп. Олардың саны шамамен 10 мыңнан асады. Шеберлік сабағын жиі өткіземіз. Іс-шара орталықта ғана емес, қаланың әр ауданында ұйымдастырылады», – деді Экохаб қызметкері Хамза Сапаров.

Экохабтың есігі – табиғатқа бейжай қарамайтын әр жанға ашық. Мұнда келген адам тек қалдық өткізумен шектелмейді, қоршаған ортаға жанашыр болудың маңызын сезінеді. Бастама авторлары жобаны әрі қарай кеңейтуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде экохабтың Астана қаласында бөлімшесін ашу үшін жұмыс қызу жүріп жатыр.

Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматыдағы экостансаларда күніне 100 келі қоқыс сұрыпталады