Жобаның мақсаты - шаһардағы қоқыс алаңдарының санын азайту
Алматыда экологияны жақсарту үшін атқарылып жатқан іс аз емес. Соның бірі – экостансалар қызметімен байланысты. Қоқыс сұрыптайтын орталықтарда күніне кем дегенде жүз келі, ал сенбі-жексенбі тоннаға жуық қалдық жиналады. Жәшіктерге бөлінген заттар кейін қайта өңдеу үшін зауыттарға жіберіледі.
Almaty.tv «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті санын табиғатты қорғаудың тиімді тәсіліне арнамақ.
Бостандық ауданында орналасқан экостансада қала тұрғыны, экобелсенді Дина Түсіпова белсенділік танытып жүр. Ол қабылдау пунктіне күнара келеді. Жинаған қалдықтарын әкеліп өткізеді. Бұл іспен тұрақты түрде айналысатын ол ерекше тәсілді Германияға барғанда көріп, меңгерген. Кейін елге оралып, ізгі істі жалғай жөнеліпті.
«Алматыда туып-өскентім. Кейбір кезде көшеде қарасам, бөтелке жатады. Қаланы тазалауымыз керек. Қала бойынша әр ауданда станса болады», – деді қала тұрғыны Дина Түсіпова.
Экостанса көпшілікке қалдықты дұрыс сұрыптап, оны қайта өңдеу жұмысына атсалысуға мүмкіндік береді. Мұнда қағаз, палстик, тұрмыстық техниканың түр-түрі арнайы жәшікке тасталады. Қала тұрғындары үлкен өзгерістердің алғышартына айналған шағын ғана бастамаларға атсалысып жүр.
Қоршаған ортаны аялау, ластамау, қорғап, күтіп, баптау – әрбір адамның ортақ міндеті.
Экостанса қызметкерлерінің сөзінше, тұрғындар қоқыс сұрыптауға бейімделіп қалған. Себебі әр орталыққа күніне кем дегенде 50 адам келеді. Нәтижесінде күнделікті 100 келіден аса қоқыс жиналып, қайта өңдейтін зауыттарға жіберіледі. Ал демалыста көрсеткіш еселене түседі. Ерекшелік сол, келушілер арнайы қосымшаға тіркеліп, өткізген қалдықтардың көлеміне байланысты ұпай жинап, оны қағаз майлықтарға, кітап пен түрлі ойыншыққа айырбастай алады.
«Тұрмыстық қалдық тек екі жерге жіберіледі. Оның біріншісі – қоқыс алаңдары, екіншісі – қайта өңдейтін орындар. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Міне, осы жоба арқылы қоқыс алаңдарының санын азайтсақ, тым құрығанда аумағын кішірейтсек дейміз. Себебі олар ауаны ластайды. Одан бөлек, өртенетін кездері де жиі тіркеледі. Ал экостансалар қалдықты қайта қолдануға, табиғатты ұқыпты түрде қорғауға болатынын іс жүзінде көрсетіп келеді», – деді экостанса қызметкері Кирилл Сергеенко.
Атап өтейік, экостансалар халық жиі жүретін орындарда орналасқан. Қызметкерлер таңнан кешке дейін жұмыс істесе, қабылдау пункттері келушілер үшін 24 сағат бойы ашық тұрады. Яғни, тұрғындар түнде де қоқысты түр-түрге бөліп, жәшіктерге жинастыра алады. Мұның барлығы – әрбір азаматтың қала тазалығына үлес қоса алатынын көрсетеді. Ұмытпаған жөн, шаһарды көркейту – ортақ жауапкершілікті қажет етеді.
Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: бүлдіршіндердің экологиялық мәдениеті қалай қалыптасуда