Әл-Фараби даңғылы: «Алматы көшелері» бағдарламасының жаңа шығарылымы шықты

Almaty.tv
Almaty.tv

Соңғы үш жылда Алматы қаласында 650 шақырым жол жөнделіп, 100 шақырым жаңа жол салынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty TV арнасындағы «Алматы көшелері» бағдарламасының әр шығарылымында авторлар қала тұрғындары, тарихшылар және сәулетшілермен бірге бұрын беймәлім болған деректерді ашып, қалалық билік өкілдерімен бірге Алматы көшелері мен даңғылдарын қайта жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді түрлендіру жоспарлары туралы әңгімелейді.

Бүгінде шаһардың төрінде орналасқан бұл бағыттың іргетасы XIX ғасырда қаланған. Ол кезде бұл аумақ егін егіп, бау-бақша баптаған шаруалардың мекені болатын. Үлкен Алматы мен Весновка өзендерінен тартылған арықтар осы маңмен өтетін. Сол себепті көше ұзақ уақыт «Водозаборная», яғни «су тарту көшесі» деп аталып келді. XX ғасырда Алматы астана мәртебесін алған соң, бұл көшеде құрылыс жанданып, тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандар бой көтерді.

Ал соғыстан кейінгі жылдары жол кеңейіп, Медеу мен Шымбұлаққа апарар негізгі бағытқа айналды. 1975 жылдың сәуірінде бұл жолға түркі өркениетінің ұлы тұлғасы, ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Бұл – қала руханиятының жаңа кезеңге қадам басқанын айғақтаған маңызды шешім болды.

«Әль-Фараби атындағы даңғыл бүгінгі таңда осы атына ие болғанына 50 жыл толып отыр.  Бұл көшенің өзіндік тарихи орны бар. Кеңес үкіметінің кезіндегі 1975 жылы «Водозаборная» деп аталатын көшенің орнына берілген. Соңғы жылдарға дейінгі бұл көше қаланың сырт жағында болды. Бүгінгі таңда Алматы қаласының ең ірі транс магистралды, үлкен көщелерінің бірі», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Жомарт Құдайбергенұлы.

Бүгінде Әл-Фараби даңғылы – Алматының шығыс пен батыс бөлігін жалғайтын ірі көлік магистралі. Алты жолақты бұл кең даңғылдың ұзындығы 9,3 шақырым. Ол Саин көшесінен басталып, Шығыс айналма жолы мен Луганский көшесіне дейін созылып жатыр. Медеу мен Бостандық аудандарының аумағын бойлай өтетін бұл бағыт Достық, Назарбаев, Сейфуллин, Жароков, Розыбакиев және Науаи көшелерімен қиылысады. Қаланың негізгі көшелерін тоғыстырып жатқан даңғыл көлік ағынын реттеуде маңызды рөл атқарады.

Дегенмен Әл-Фараби бойындағы көрікті орындар тізбегі мұнымен шектелмейді. Даңғыл бойымен ілгерілеген сайын қаланың тынысын танытатын нысандар бірінен соң бірі көзге түседі. Esentai кешені - заманауи мегаполистің келбеті болса, Нұр-Мүбарак және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл бағыттағы білім кеңістігін айшықтайды. Ал Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы - ұлттық кино өнерінің алтын ұясы. Сондай-ақ Ботаникалық бақ, жаңа Алматы театры, The Ritz-Carlton қонақүйі мен Нұрлы Тау іскерлік орталығы даңғылдың мәртебесін айқындай түседі.

«Әл-Фараби өте керемет көше. Оның бойында жастарға арналған жерлер бар. Мысалы The Ritz-Carlton, Есентай Плаза, Ритз Палас бар. Менің ойымша өте жақсы жасалып жатыр жағдай», – деді қала тұрғыны Диас Аймұратов.

«Біз Қырғызстаннан келдік. Алматыға алғаш рет сапарлап келуіміз. Бүгін алғаш рет Әл-Фараби даңғылымен өтіп бара жатырмыз. Бұл көше Алматыдағы ең үлкен, ең ірі даңғылдардың бірі екен. Көшенің тазалығы, кеңдігі, жол бойындағы әсем ғимараттар көңілімізден шықты. Даңғыл бойында сән-салтанаты жарасқан үлкен сауда орталықтары мен заманауи ғимараттар орналасқан. Барлығы да ерекше ұнады. Бізге Алматы қаласы, әсіресе осы Әл-Фараби даңғылы өте ұнады. Қаланың көркіне тамсанып отырмыз», – деді турист Жұпар Қожегелдиева.

Бүгінде даңғыл бойында қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Бостандық ауданы әкімінің аппараты даңғылдың екі жағынан автоматты суару жүйесін тарту жобасын іске асырып жатыр. Сонымен қатар, орталық бөлу жолағында көгалдандыру белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Өткен айдың өзінде бөлу жолағы бойына 300-ге жуық жаңа ағаш отырғызылды.

«Әл-Фараби даңғылында үлкен аумақты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда жол бөлу жолағында көгалдандыру мақсатында 21 мың шаршы метрге жуық көшал төселіп, қазіргі таңда жұмыстар аяқталды. Сонымен қатар даңғылдың шеткі жолақтарында да жұмыстар жүргізілуде, – деді Көріктендіру бөлімінің бас маманы Айдапкелов Ғазиз Тоқтарұлы.

Айта кетейік, қала әкімінің тапсырмасымен шаһарда соңғы 3 жылда 650 шақырым жол жөнделіп, 100 км автожол салынды. Ал биыл тағы 300 шақырым жол жөндеуден өтеді деп жоспарланыпты. Сондай-ақ, мегаполисті абаттандыру аясында «Қасбеттен қасбетке дейін» жобасы Достық даңғылы мен Пушкин және Жібек жолы көшесінде жобасы жүзеге асады.

Еске салайық, Almaty TV-де «Made in Almaty»«Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сынды бірқатар жаңа бағдарлама эфирге жол тартты. Сонымен қатар алдағы уақытта «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.

 

Новости партнеров