Шымкенттегі "Білім-Инновация лицейінің" 11-сынып оқушысы Мирас Сейлхан әлемнің 34 университетінен шақырту алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мирас Сейлхан – өзі оқитын мектептің президенті, Z ұрпағына арналған BIL PRESS редакциясының негізін қалаушы, оған қоса BIL VOLUNTEERS еріктілер клубын ашқан.
Тengrinews.kz мәліметінше, ол шетел оқу орындарына түсуге дайындықты 9-сынып соңында бастаған. Бұл үшін IELTS, Duolingo сияқты тесттерді тапсырып, жоғары көрсеткішке ие болды. Мысалы, Duolingo-дан 135, IELTS-тан 8.0 жинады. Сондай-ақ 650 сөзден тұратын мотивациялық эссе жазған.
"Сол уақыттан бастап осы 11-сынып соңына дейін тек университетке түсу үшін уақыт жұмсадым", – дейді ол.
Осылайша, Мирас шақыру алған оқу орындарының 12-сі АҚШ-та, бесеуі Ұлыбританияда, бесеуі Канадада, біреуі Испанияда, төртеуі Аустралияда және тағы басқалары.
Әзірше ол Colgate University, London School of Economics немесе Ithaca College оқу орындарын таңдап отыр. Оның болашақ мамандығы - қаржы және экономика саласымен байланысты.
Мирас Сейлхан университеттерден шақырту алуына кімдер үлес қосқанын айтты.
"Әр қадамымды бақылап отырған мұғалімдерім, мектепті бітіріп кеткен ағалар көмек берді", – дейді оқушы.
Мирас Сейлханның арманы - Қазақстанды жаңа деңгейге көтеру.
"Арманым өтірік болып көрінуі мүмкін. Пікірлерде көбі мені шетелде қалып қояды деп жазып жатыр, алайда бұл мен ойлаған нәрсе емес", – деді ол.