Алматы облысында 120 мұғалім жалған дипломмен білім беріп келген

14.07.2022 23:27

81 маманға қатысты тергеу амалдары әлі жүргізіліп жатыр

ашық дереккөз

Алматы облысында жалған дипломмен жұмыс істеп келген 120 мұғалім анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Прокуратура органдарының тексерісі барысында жалған дипломмен жұмысқа орналасқан мұғалімдердің Сарқанд, Қарасай, Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының орта мектептерінде  білім бергені белгілі болды.

Олар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің дипломдарын ұсынған.

«Ағымдағы жылдың өткен уақытында АО прокуратурасы органдарымен өңірдегі қала, аудан білім беру мекемелерінде қызмет атқару және сапалы білім беру ісіне қатысты талдау жүргізілді. Нәтижесінде Сарқан, Көксу, Қарасай, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының ЖОО-ның жалған құжаттарын пайдаланғаны анықталды», – деді Алматы облысы прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Әлішер Елубайұлы

Кінәсін мойындауына және "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, 41 маманға қатысты қылмыстық істер тоқтатылды, соңғылары білім беру органдарынан шеттетілді.

81 маманға қатысты тергеу амалдары әлі жүргізіліп жатыр.