Ауыл шаруашылығы министрлігі қант қоры туралы мәлімет берді

13.07.2022 14:37

Үкімет отандық қант нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі бес жылдық кезеңге арналған іс-шаралар жоспарын мақұлдады

ашық дереккөз

Ауыл шаруашылығы министрлігі республикадағы қант қоры және оның тапшылығымен күресу шаралары туралы мәліметті жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Зауыттардың жедел деректеріне сәйкес, Қазақстанда маусым айында шамамен 38 мың тонна қант өндірілді, оның ішінде Тараз қант зауыты – 18 мың тонна, Көксу зауыты – 9 мың тонна, Меркі қант зауыты 11 мың тонна.

"Маусым айында үшінші елдерден бажсыз әкелуге арналған квота шеңберінде 23,5 мың тонна өнім импортталды. Әкімдіктердің деректері бойынша маусым айының басында қордағы көлем 28,9 мың тоннаны құрады", - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ауыспалы қор шілде айының басында 27,2 мың тоннаны көрсетті.

Зауыттардың деректеріне сәйкес, шілдеде 37 мың тонна қант өндіріліп, 39,7 мың тонна импортталады деп жоспарланып отыр.

Бұған қоса, 11 шілдедегі көрсеткіш бойынша республикадағы қант қоры – 26,8 мың тонна.

Үкімет отандық қант нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі бес жылдық кезеңге арналған іс-шаралар жоспарын мақұлдады, оған жоспар аясында қант қызылшасын егу алаңдарын ұлғайту, суару желілерін қайта құру және салу, қант зауыттарын жаңғырту, ішкі нарықты қорғау, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі іс-шаралар кіреді.

Сонымен бірге қант қызылшасын қайта өңдеуге өткізуді субсидиялау нормативі ұлғайтылды, құрақ шикізатының импорты кезінде ҚҚС-ты нөлге түсіру және қызылша қантын өндіруге ҚҚС-ны 70%-ке төмендету және құрақ қантына осы жеңілдікті тарату бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту қарастырылып жатыр.