2024 жылдың 7-11 наурыз аралығында Алматы қаласының оқушылары Кипрдің Никосия қаласында өткен «FIRST Tech Challenge Cyprus 2024» халықаралық робототехника чемпионатына қатысып, жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Турнир 25 команданы біріктірді. Оған 18 жергілікті және 7 әлемнің түкпір-түкпірінен келген командалар қатысты.
Чемпионатқа Қазақстанның намысын қорғауға Алматы қаласынан «Sana team» командасы аттанды. 10-11 сынып оқушыларынан құралған бұл командалардың құрамында: Білім Инновация Лицейінен – Тұрсынғали Әділ, Даулетқұл Арнар, Акипбек Осман, Дәулетұлы Алдияр, Смайл Дарын, Пахридин Аббас, Ыбрай Асылхан, Аширалин Илияс және М.Базарбаев атындағы №138 гимназиясынан – Аманкелді Шолпан бар. Нәтижесінде алматылық оқушылар «THINK AWARD» және «Winning Alliance AWARD» номинацияларын жеңіп, бірінші орыннан көрінді.
- Оқушылар ойындарда жоғары кәсібилік танытып, инженерлік дайындық сапасымен ғана емес, сонымен қатар тамаша коммуникативті дағдыларымен және басқа командалармен өзара әрекеттесуімен де төрешілерді таң қалдырды. Біздің балалар 25 команданың ішінде жарқыраған киімдерімен, жалындаған көздерімен ғана емес, матчтар кезіндегі көшбасшылық ұстанымдарымен де көзге түсті. Біз фавориттердің қатарында болдық, - дейді Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты «Алматы дарыны» орталығының директоры Гүлнұр Кәрімғажы.
Кипрде өткен сайысқа жолдаманы Қазақстаннан барған оқушылар осы жылдың қаңтар айында USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырған Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен «Daryn FIRST Championship» республикалық турнирінде олжалады.
Оқи отырыңыз: Биыл «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі қашан басталады