Қазақстанда ҰБТ-ны тапсырғысы келетін түлектер саны азайды, деп хабарлайды Алтайньюс.
Өткен жылы ұлттық бірыңғай тестен 102 мыңнан астам оқушы өткен болса, биыл 77 мыңға жуық бала өтініш берді.
Өткен жылы 147 000 түлектің 102 447-сі ұлттық бірыңғай тестен өткен болатын. 2019 жылы 143 089 оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде қазақ тілінде оқуға 96889, орыс тілінде 40457, басқа тілдерде оқуға 5344 түлек ниет білдіріп отыр. «Алтын белгіге» 7500 жуық түлек өтініш берді.
Естеріңізде болар, бұдан былай ҰБТ жылына төрт рет өткізіледі. Оның үшеуі ақылы түрде. (2242 теңге немесе 5,8 доллар). Талапкерлер міндетті 3 пәннен (қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 негізгі пәннен тест тапсырады.
20 маусым мен 5 шілде аралығында өтетін тестке тегін кіреді түлектер. Дәл осы кезде мемлекеттік оқу грантына талас жүрмек.
Айта кетейік, биыл ҰБТ қатарынан он алтыншы мәрте өткелі тұр. Түлектер жоғары оқу орнына түсем десе, 65 балдан төмен алмауы керек. «Педагогикалық ғылымдар» , «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» саласы бойынша кем дегенде 60 балл жинау міндет. «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» (медицина) саласында кем дегенде 65 балл (пәндерден кем дегенде 5 баллдан керек). Ал басқа да оқу орындары кемі 50 балды талап етеді. Талапкерлер бірдей балл жинаған жағдайда оқуға қабылдау кезінде «Алтын белгі» иегеріне басымдық беріледі.