Биыл білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 2022 жылдың 13-20 шілде аралығында жүзеге асырылмақ
Талапкерлер ЖОО-ға түсу үшін құжаттарды үйден шықпай-ақ тапсыра алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғылым және жоғары білім министрлігі қазіргі ақпараттық технологиялар мемлекеттік қызмет түрлерін онлайн режимде алу мүмкіндігін кеңейтіп отырғанын, пандемия жағдайында университетке бетпе-бет байланыссыз құжаттарды тапсырудың бірнеше тәсілі әзірленіп, сынақтан өткенін мәлім етті.
«Жоғары оқу орындарының талапкерлерді виртуалды қабылдауы ең сенімді тәсілдерінің біріне айналып отыр. Өткен жылы шалғайдағы ауылдардың мыңдаған түлектерінің құжаттары қабылданды. Биыл да жоғары оқу орындары виртуалды кеңселерін қайта ашты және қабылдау комиссиялары алғашқы жұмыс күндерінен бастап өтініштерді онлайн қабылдауға әзір. Мұнда университет қызметкерлері кеңес береді және бейне байланыс арқылы құжаттарды қабылдайтын болады», – деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрлік өкілдері қызмет көрсетудің тиімділігі мен жылдамдығын арттыру мақсатында, сондай-ақ, ауа райының аптап ыстығы жағдайында қызметкерлердің штаты кеңейтілгенін айтты. Қызмет көрсетуге студенттер қатарынан еріктілер тобы тартылып жатыр. ЖОО-лар басшылығы қабылдау комиссиясына толық дайындығы туралы мәлімдеді.
«Биыл білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 2022 жылдың 13-20 шілде аралығында жүзеге асырылмақ. Сондықтан еGov электронды үкімет порталындағы уақытша олқылықтар талапкерлердің қызмет көрсету сапасына және құжаттар тапсыруына еш кері әсерін тигізбейді», – делінген хабарламада.
Университеттер мен виртуалды қабылдау комиссиялары үшін барлық қажетті байланыс ақпараттары Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында орналасқан.