Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мектеп түлектерін құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Сіздер үшін бүгін – ерекше күн. Өйткені жүректері қуаныш пен арманға толы әрбір түлек үшін бұл сәт – жаңа белестің бастамасы. Осыдан 11 жыл бұрын мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққалы тұрсыздар.
Биылғы жылы қала мектептерін 12 мыңнан астам түлек аяқтағалы отыр. Алда үлкен сынақ – мемлекеттік емтихан және ұлттық бірыңғай тестілеу. Осы сыннан барлықтарыңыз сүрінбей өтуге шын жүректен тілектеспін.
Алған білімдеріңіздің арқасында Сіздер әлемнің немесе еліміздің кез келген жоғары оқу орнын таңдай аласыздар. Тек Алматының өзінде 36 жоғары орны бар. Таңдаған оқу орындарыңызға түсіп, қалаған мамандық иесі болыңыздар.
Армандарыңыза қол жеткізіп, ата-аналарыңыздың, ұстаздарыңыздың үмітін ақтаңыздар. Еліміздің, әсем қаламыздың атын паш етіп, биіктен көріне беріңіздер!» – деді қала әкімі.