|
14.12.2021 | 10:55
2086

Сулейман Демирель атындағы университет 25 жылдық мерейтойын атап өтті

Арнайы жылы лебіздерімен келген қонақтар университетке жақсы тілектері мен сыйлықтарын беріп, мерекелік концерттің куәгері болып қайтты

Сулейман Демирель атындағы университет 25 жылдық мерейтойын атап өтті Сулейман Демирель атындағы Университеттің баспасқз қызметі

Биылғы тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен қатар келген Сулейман Демирель атындағы университеттің  25 жылдық мерейтойына арналған мерекелік гала-концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мерекелік салтанатты кешке ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, ЖОО ректорлары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, СДУ түлектері мен жергілікті әкімшілік мекемелерінің өкілдері қатысты.

Арнайы жылы лебіздерімен келген қонақтар университетке жақсы тілектері мен сыйлықтарын беріп, мерекелік концерттің куәгері болып қайтты.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің атынан вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай СДУ қауымдастығындағы 30 қызметкерге білім және ғылым жолындағы көп жылғы еңбегі үшін алғыс хаттармен марапаттады.

Сонымен қатар, СДУ-дің  түлегі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жиналған қауымға студенттік кездердегі естеліктерін айтып, университет ұжымын 25 жылдық мерейтоймен құттықтады.

"Бүгінгі өтіп жатқан Сулейман Демирель атындағы университеттің 25 жылдық мерейтойымен СДУ профессор-оқытушылық құрамын, студенттерін және барлық қызметкерлері мен түлектерді шын жүректен құттықтаймын. Ширек ғасыр уақыт ішінде түлеп ұшқан 7 мыңнан аса шәкірттеріміз тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде қызмет етіп, педагогика мен ақпараттық технологиялар, құқық, әлеуметтік ғылымдар және бизнес саласы бойынша еңбек нарығында озық ойлары мен терең ұшқырлықтарының арқасында ерекшеленіп келеді. Бұл үрдіс одан әрі жалғасын табады деген үлкен сенімдеміз. Әлемдік аренада бәсекеге қабілетті кәсіби мамандар және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, халқына адал тұлғаларды шығару біздің түпкілікті мақсаттарымыздың бірі. Сол мақсаттарға қол жеткізіп, еліміз гүлдене берсін", – дейді СДУ ректоры Даврон Гаипов.


"Сулеймен Демирель университетін 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Студенттік шақты үнемі ерекше ықыласпен еске аламын. Университеттегі атмосфераның өзі керемет еді. Үлкендерді құрмет тұтып, кішілерге демеу болып, өзара сыйластық орнатуға тәрбиелейтін. Егер біреу оқу барысында қиналып жүрсе немесе сынақтан өте алмаса, оқытушылар көзбе-көз сөйлесіп, себебін анықтап, жан-жақты қолдау көрсететін. Олар бізге үлкен сенім артып, жігерлендіріп, шабыттандырып отыратын.

Әлі есімде, бірде біз ұстазымызға өз идеямыз (стартапымыз;) жайлы айттық, алайда оны жүзеге асыруға компьютеріміз болмады. Ал ол бізге сабақтан кейін тәжірибеханаға келіп, жобамен жұмыс істеуге рұқсат етті. Сөйтіп біз достарымызбен бірге бір ай ішінде өз өнімімізді жасап шығардық.

СДУ жастарды үлкен өмірге дайындау міндетін абыроймен атқарып келеді.

Кезінде осы университетті таңдағанымды мақтан етемін. Мені шақырғандарыңызға алғыс айтып, әрбір студентке сәттілік тілеймін. СДУ-дың мәртебесі биік, мерейі үстем болсын!" – деді СДУ-дің  түлегі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Айта кетейік, Сулейман Демирель атындағы университет – 1996 жылы Тұңғыш Президент- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің қатарындағы Түркия мемлекетінің 9-шы президенті Сулейман Демирельдің  қатысуымен ашылды.

Ширек ғасырда оқытуды ағылшын тілінде жүргізген еліміздегі алғашқы университеттердің бірі болып табылатын СДУ-да 55 білім беру бағдарламасы, оның ішінде 28 бакалавриат, 20 магистратура, 7 докторантура бағдарламалары бойынша 7 мыңнан аса түлек шығарды. Оның ішінде білім беру бағдарламаларының 80%-дан астамы ағылшын тілінде, қалғаны қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Бүгінде шәкірттеріміз тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде қызмет етіп, әсіресе педагогика мен IT саласында, инженерия, құқық, экономика және бизнес салаларында озық ойлары мен терең ұшқырлықтарының арқасында ерекшеленіп келеді.

Университеттің Стратегиялық даму жоспарының басты мақсаты – еліміздегі және Орта Азиядағы таңдаулы, халықаралық үлгідегі жоғарғы оқу орындарының бірі болу.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

оқу
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир