Қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесу барысында ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мәселелері туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін ауданда мектептерге қосымша ғимарат салу және жөндеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
Мәселен, өткен жылы 2 мектептің (№34 және 144 гимназиялар) 850 орындық 2 қосымша ғимараты пайдалануға беріліп, Қабанбай батыр көшесінде 850 орындық жеке мектеп (Прометеус) ашылды.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында биыл Райымбек даңғылы мен Әуезов көшесі қиылысындағы учаскеде 1,5 мың орындық жаңа мектептің құрылысын бастап, 2024 жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ ауданның екі мектебіне әрқайсысы 300 орындық қосымша құрылыстар салу жобасы әзірленуде. Шілде айында № 15 гимназияны сейсмикалық күшейтіп, күрделі жөндеу аяқталады және тамыз айына дейін № 136 мектеп-гимназияны күрделі жөндеу, сейсмикалық күшейтуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді.