Еліміздегі жемқорлық жайлаған университеттер қандай

04.03.2020 16:10

7 университеттің тізімін жарияланды

inbusiness.kz

Nur Otan партиясының жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев пара алуға жақын жекеменшіктегі 7 университеттің тізімін жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv  Nurotan.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Nur Otan партиясы Jas Otan жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев «Таза сессия» акциясының екінші кезеңінің қорытындысында айтты. Анонимді сауалнамаға еліміздегі 64 жеке меншік жоғары оқу орнында оқып жатқан 20 мыңнан астам студент қатысқан.

"Көптеген студент пара беруді ЖОО оқымай-ақ бітірудің жолы сияқты көреді. Десек те оқытушылардың өздерін осындай жағдайда оқу бітірген, түлектерінің алдағы тағдыры алаңдатып отырған жоқ. Jas Otan жастар қанатының белсенділеріне студенттер көптеп хабарласып, көмек сұрайды. Сауалнамалар негізінде студенттердің жемқорлық фактілерін көрсеткен 7 жоғары оқу орнының рейтингі жасалды. Бұлар:  Нұр-Сұлтан қаласындағы Медициналық университет, Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті, Алматыдағы Қазақ туризм және спорт академиясы, Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университет, Алматыдағы Орталық Азия университеті, «Алматы» университеті, С.Баишев атындағы Ақтөбе университеті", – дейді Елнұр Бейсенбаев.

Респонденттердің пікірінше, жемқорлық дерегі ең көп емтихан және есеп тапсыру кезінде (23,8 пайыз), диплом жұмысын қорғау кезінде (8,7 пайыз) екені анықталған. Ал «ЖОО студенттер параны кімге көп береді» деген сұрақ бойынша студенттердің 30 пайызы конвертті оқытушыларға беретіні, ал 4,4 пайызы ректорларды тікелей сатып алатыны анықталды.

Ұсынылатын параның мөлшері де ерекше назар аударуды қажет етеді. Жасотандықтардың дерегіне сүйенсек, Қазақстан бойынша сессияны жабу бағасы – 22 мың теңге, бір пәнді тапсыру 14 мың болса, курс жұмысы – 32 мың теңге.

«Диплом жұмысын өте жақсы деңгейде қорғап шығу үшін 105 мың теңге төлеу жеткілікті, ал ақылы бөлімнен грантпен оқу бөліміне ауысу үшін 400 мың теңге беруге тиіссіз. Бұл адамның ақылына сыймайтын дүние», – дейді Елнұр Бейсенбаев.

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, жасотандықтар Білім және ғылым министрлігіне шақыру жіберген.

«Министрлік өкілдері баспасөз-конференциясына келуі тиіс еді, алайда ЖОО жемқорлық мәселесінен олардың аппараттық жиналыстары маңызды болғанға ұқсайды», – дейді Елнұр Бейсенбаев.