Осы жылдың 1 қыркүйегінде аудандағы оқушы орындарының тапшылығы 2 мыңнан асты
Түрксіб ауданын білім беру объектілерімен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүргізіп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан халқымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әкімнің айтуынша, осы жылдың 1 қыркүйегінде аудандағы оқушы орындарының тапшылығы 2 мыңнан асты (2 119).
"Қазіргі оқу жылының басында Волочаевская көшесінде 420 орындық жеке мектеп ашылды. Ағымдағы жылдың 16 желтоқсанына дейін «Қайрат» шағынауданындағы 1500 орындық мемлекеттік мектептің құрылысы аяқталады (Kazpaco ЖШС / BI-group)", - деді Досаев.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда аудандағы 1350 орынға 3 мектепті - № 59, № 195 және № 198 мектептерді кеңейту жұмыстары жүріп жатыр.
Биыл қазан айында №59 мектеп-гимназияның аумағында 300 орындық жаңа мектеп ғимараты мен қосымша құрылысты салу басталады. Ал, ескі ғимараттың бір бөлігі бұзылады.
№195 және №198 мектептер бойынша 1050 орындық қосымша құрылыс салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жобалау-сметалық құжаттаманы 2023 жылдың шілдесінде аяқтау жоспарланған.