Лондонда қазақстандық электрондық оқулықтардың TopIQ платформасы таныстырылды

inform.kz
inform.kz
Отандық стартап жобаны шетелдік сарапшылар да құптап отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Электрондық оқулықтардың TopIQ қазақстандық платформасы бүкіләлемдік байқауда үздік деп танылып, екінші орынды иеленген болатын. Стартап жоба мектепке ауыр сөмке тасымай, кітапта бар бүкіл ақпаратты онлайн көруге көмектеседі. Идея авторлары Лондонда өткен Білім беру технологиясының халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысып, тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Bett Show – 35 мыңнан астам оқытушы мен білім саласының мамандарын біріктіретін дүниежүзілік көрме. Жиналғандар жаңа технологиялармен және инновациялармен танысып, өзекті мәселелердің шешімін іздейді. Шарада алғашқы қазақстандық платформа TopIQ электрондық оқулығының тұсауы кесілді.

«Халықаралық аренаға отандық өнімімізбен шыққанымызға қуаныштымыз. Бұдан да жоғары белестерді бағындырып, Қазақстанды жақсы қырынан таныта береміз деген үміттеміз», - дейді стартап жобаны шығарған «Алматыкітап баспасының» өкілі Анеля Баталова.

TopIQ электронды оқулықтары Қазақстанда тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Әсіресе, пандемия кезінде. Оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар платформаны қолдану өте қолайлы деп тапты. Отандық стартап жобаны шетелдік сарапшылар да құптап отыр.

«Ұсынған өнімдеріне қарап, жетістікке жетуге толық мүмкіндіктері бар дер едім», - дейді израильдік IT сарапшы Ами Моял.

«Меніңше, жоба cөзсіз табысты болады. Өйткені ол заман талабына жауап береді», - дейді польшалық IT сарапшы Мироцлав Сиздын.

Баспа өкілдерін Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов қабылдап, әлемдік нарыққа бағыт алған жобаға сәттілік тіледі. Қонақтар елшілік кітапханасына жаңадан шыққан төл өнімін тарту етті.

Новости партнеров