Аймағамбетов қыркүйектен бастап оқушылар дәстүрлі форматта оқитынын айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Балабақшалардағы 20-25 баладан аспайтын топтарға штаттық режимде жұмыс істеу ұсынылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде білім берудің дәстүрлі форматына оралу шешімі қабылданды. Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа оқу жылында қатаң санитарлық шектеулерді сақтай отырып, мектептерде колледждер мен жоғары оқу орындарында дәстүрлі түрде оқыту жалғасады. Балабақшаларда 20-25 баладан аспайтын топтарға жұмыс істеу рұқсат етіледі. Мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылады. Сонымен қатар «1 сынып 1 кабинет» жүйесі жұмыс жасайды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады. 

1 қыркүйекте Білім күні іс-шарасы дәстүрлі форматта, мектеп аумағында 1-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Оларға салтанатты түрде алғашқы оқулығы Әліппе табысталады. Ал 2 мен 11-сынып оқушылары кабинеттерінде тақырыптық сынып сағаттарына қатысады. Министрдің сөзінше, қауіпсіздікті сақтау шаралары барынша қолға алынып жатыр. Педагогтердің 93,1 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алған.

«9 тамыздағы жағдай бойынша, білім мекемелеріндегі педагогтердің 93,1 пайызы және басқа қызметкерлердің 88,4 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алды. Студенттердің вакцина алуын ынталандыру бойынша университеттер арнайы іс-шараларды іске асырып жатыр. Оқу ақысын төмендету, ақысыз курстар ұйымдастыру, жолдамалар мен бағалы сыйлықтар беру сияқты бастамалар университеттерде кеңінен қолданылуда», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Ал, мектеп формасы негізінен сақталады деді министр. Бірақ, пандемия жағдайына байланысты классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуге де рұқсат беру бойынша шешім қабылданғанын жеткізді. Мамандар қашықтан оқыту кезінде білім сапасы төмендегенін айтады. Бұл ретте министрлік кемшіліктердің орнын толтыру үшін кешенді жұмыс жүргізбекші.

«Осы мақсатта кешенді, жүйелі іс-шараларды жүзеге асыратын боламыз. Халықаралық тәжірибеде жүргізілген қашықтан оқытудың нәтижесі де зерттелді. Соған сәйкес оқу жылында негізгі пәндер бойынша былтырғы қиын тақырыптарға көбірек сағат бөлініп, оқу бағдарламаларын түзетуге, нашар үлгеретін балалармен қосымша жұмысқа баса назар аударылады», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, бұған дейін мектептер Ashyq жобасына қосылып жатқандығы хабарланған еді. Бұл ретте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов Ashyq жобасының адал қатысушыларына демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат беру керектігін айтты.

«Өңірлерде орын алған түрлі жағдайларға байланысты Ashyq жобасы бойынша Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің бірыңғай қаулысын орнатуды ұсынамыз. Бұған дейін бұл ұсыныс ескерілген болатын, бірақ «қызыл» аймақ енбей қалып отыр. Осы талапты «қызыл» аймақтағы өңірлерге таратуды сұраймыз. Өйткені, қазір өңірлердің басым бөлігі «қызыл» аймаққа еніп отыр», – деді «Атамекен» ҰК палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов.

Бүгінгі таңда Ashyq қосымшасын 4 млн-нан астам қолданушы пайдаланады. Жобаға қосылуда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды және Атырау облыстары белсенділік танытып отыр екен. QR арқылы тәулігіне 400 мың адам тексеріледі.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров