ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орта білім берудегі негізгі өзгерістерді атады
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орта білім берудегі негізгі өзгерістерді атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Орта білім беруде оқу мақсатын түзету, ағылшын тілін, «Цифрлық сауат» пәнін оқу сағаттарын ұлғайту және жекелеген пәндердің бағдарламаларын өзгерту бөлігінде орта білім беру стандарты мен типтік оқу бағдарламаларын өзгерту жұмыстары жалғасады. Дәстүрлі оқыту пәндерді оқытудың инновациялық әдістерімен толықтырылады, қағаз оқулықтармен қатар цифрлық оқулықтар қолданылады», - деді Ғани Бейсембаев елордада өткен министрліктің алқа отырысында.
Сонымен бірге, білім беру ұйымдарының педагог-психологтарының, әлеуметтік педагогтарының, кітапханашыларының жалақысын көтеру мәселесі пысықталады.
Шағын қалалар мен ауылдардағы мектептерді жаңғырту, жұмыс істеп тұрған мектептердегі инфрақұрылым мен қауіпсіз жағдайларды жақсарту жұмыстары жалғасады.
Тағы бір маңызды бағыттардың бірі – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау.
Осы орайда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация беретін 7 кабинет және 5 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу көзделген.
Психологиялық-педагогикалық түзетуге арнайы мемлекеттік тапсырыс жасалады, мектептегі психологиялық қызметтердің рөлі күшейтіледі және педагог-психологтар үшін стандарттар енгізіледі.
«Балалардың дамуы үшін сапалы тамақтану ерекше маңызға ие. Бұл ретте балаларды тамақпен қамтамасыз ету нормативтерін қайта қарау, бастауыш (1-4 сынып) сыныптардың барлық оқушыларына бір реттік тегін ыстық тамақ беру және асханада қолма-қол ақшасыз есеп жүйесін енгізу жоспарланған», - деді жаңа министр.
Айта кетейік, елордада КАЗГЮУ университетінде Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары және 2023 жылға жоспарланған міндеттер бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтуде.
Алқа отырысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, министрлік өкілдері, педагогтер қатысып отыр.