Астанада 1 ақпаннан бастап балабақшалардың кезекке тұру және жолдама беру жүйесіне блокчейн технологиясы енгізіледі. Соның арқасында балаларды кезекке тұрғызу барысы айқындала түспек, деп жазды Sputnik.
Былтыр Астанада балабақшаларға кезекке тұру мен жолдама берудің, сондай-ақ бірінші сыныпқа қабылдау мен колледжге түсудің автоматтандырылған жүйесі енгізілген болатын. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі бес күннен он минутқа дейін қысқарды. Ал енді блокчейн жүйесін енгізу, Астананың инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыровтың пікірінше, жаңа жүйені одан сайын жетілдіре түседі. Заманауи технология кез келген жүйелік ақауды жойып, тұрғындар тарапынан түсетін шағым азаяды.
«1 ақпаннан бастап жүйе қала тұрғындарының пікірі мен заңнамаға сәйкес оңтайландырылмақ. Жаңартылған жүйеде кезекке тұру барысын айқындау мақсатында блокчейн технологиясы қолданылады», — деп хабарлады Әлішер Әбдіқадыров Елорда Инфо порталына.
Сонымен қатар, жаңа жүйеде ата-аналар өздері қалаған балабақшаларды белгілеп, тіркелу ықтималдығына сай таңдауын өзгерте алады, жеке балабақшаны да таңдауға болады.
Жұмыстың принципі booking.com, uber немесе airbnb сияқты танымал платформалардың үлгісіне ұқсайды, демек ата-ана балабақшаның рейтингісін, қосымша қызметтерін ескере отырып, таңдау жасайтын болады.
Оның үстіне порталды қолдану да айтарлықтай жеңілдетілді. Бірнеше айдан соң жаңа жүйеге мектептер мен колледждер де қосылады.
Блокчейн (Blockchain) дегеніміз белгілі бір ережелер бойынша орналастырылған, қандай да бір ақпаратты қамтитын блоктардың үздіксіз жалғаса беретін тізбегі.