Қазіргі уақытта компьютерге қатысты ауқымды жұмыс атқарылып жатыр
1 қыркүйекке дейін аймақ әкімдіктері қосымша компьютер сатып алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жаңа оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталғанда дәстүрлі оқу форматына қайта көшу-көшпеу жағы белгілі болады. Бұл жұмыс эпидемиологиялық жағдайға байланысты кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қашықтан оқуға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқаны өте маңызды. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында көптеген мәселеге тап болдық. Ол кезде жіберілген қателіктерді осы жолы ескереміз», – дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта компьютерге қатысты ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.
«Бізде ескірген компьютер көп. Қажет ететін оқушыларға уақытша бере тұруға болатын компьютер аз. Сондықтан қазіргі уақытта 36 мыңнан астам компьютер сатып алынды. 1 қыркүйекке дейін аймақ әкімдіктері қосымша компьютер сатып алады. Бүгін Үкімет отырысында осындай тапсырма берілді», – деді ол.