Бүгін - елімізде ақылы сынақтың екінші күні. Сынаққа Қазақстан бойынша 100 мыңға жуық адам қатысуда. Олардың басым бөлігі оқушылар. Бірақ олардың арасында колледж студенттері мен былтыр жазда тестілеуден сүрінгендер де бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұр-Сұлтандағы Лев Гумилев атындағы Еуразиялық университетінде орналасқан тестілеу орталығына 2499 талапкер тіркелген. Олар 4 лекке, яғни 4 күнге бөлінген. Тест тек байқау ретінде ұйымдастырылғанымен, бақылау жұмысы күшейтілген. Мәселен, оның әділ әрі ашық өтуі үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және арнайы мониторинг топтарының өкілдері жұмылдырылған. Сынаққа кіргізілген оқушылардың ұялы телефондары алынып, жіті тексерістен өтті.
Бір байқағанымыз, кей талапкерлер тестке ешбір құжатсыз келген. Олардың тұлғасы face ID арқылы анықталды. БҰл биылғы жылдың ерекшелігі. Жаңа тіркелу тәсілін қолданғандардың бірі - 11 сынып оқушысы Игорь Скоробан. Айтуынша, ақылы тестілеуге қатысуды тіркеу үшін небәрі екі минут уақыты кеткен.
«ҰБТ-ға алдын ала қатысып, негізгісіне психологиялық тұрғыда дайындалғым келді. Өзімнің білімімді сынап көру үшін келіп отырмын. ҰБТ-2020 сайты арқылы тіркеліп, өтінім жібердім. Бұл өте ыңғайлы. Ешқайда барып, құжат жинаудың қажеті жоқ», – деді қалалық № 31-мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Игорь СКОРОБАТ.
Белгілісі, Игорь сияқты жаңа жүйені Нұр-Сұлтан бойынша 700 талапкер пайдаланған. Қанатты жоба жемісін берсе, бұл жаңашылдықты бүткіл Қазақстанға енгізілуі мүмкін.
«Біз осы елордамызда жаңа жобаны Digital ID қосымшасы арқылы бастадық. 700 бала бір де бір құжат тапсырған жоқ орталығымызға. Бірақ тестілеуге кіруге мүмкіндік алады. Бүгін – екінші күн. Бәрі жақсы өтіп жатыр. Енді келесі тестілеуде, наурызда балалар бір де бір құжат тапсырмайды, тестілеуге онлайн тіркеліп келеді», – деді Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар СМАҒҰЛОВ.
Биыл елімізде 130 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Ақылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 95 мыңы ниет білдірген. Бұл сан былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге артқан, деп отыр Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері. Ақылы тестілеудің құны 2242 теңге.
«Ақылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге моральдық тұрғыда дайындалу үшін келдім. Маған ұнамағаны бізді ұзақ уақыт бойы далада ұстап тұрды. Мұндай аязды, боранды күні тоңып тұрдық. Сұмдық!», - деді қалалық № 83 жалпы білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Диана ЖАЛМҰХАНБЕТОВА.
Ал, колледж студенттері, былтырғы ҰБТ-дан сүрінгендер сынақты ертең тапсырады. Тестілеуден алған сертификаттарымен ақылы бөлімге түсе алады. Бірақ оқушылардың 95%-ы маусым айында келеді дейді мамандар. Олардың негізгісі ақылы бөлімге бал алу үшін емес, грант ұтуға ниеттілер.