Жаңа жүйе нақты көрсетілген қызметке ғана төлем жүргізуге мүмкіндік бермек
Алматыда «Даму бала» бағдарламасы аясында 4 пен 17 жас аралығындағылардың секциялар мен үйірмелерге қатысуы FaceID жүйесі арқылы бақыланбақ. Бұл туралы бағдарламаның қызмет көрсету сапасын тексеру мақсатында жүргізілген мониторинг нәтижелеріне арналған басқосуда айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бұған дейін арнайы топ 52 ұйымды тексеріп, инфрақұрылым мен қызмет көрсетуді ұйымдастыруда кемшіліктер анықтаған. Сондықтан орнатылатын жаңа жүйе баланың әрбір сабаққа қатысуын тіркеп, нақты көрсетілген қызметке ғана төлем жүргізуге мүмкіндік бермек.
Сонымен бірге, дөңгелек үстелге қатысушылар «Даму бала» бағдарламасының әлеуеті зор екенін, бірақ айтарлықтай жетілдіру мен бақылауды қажет ететінін атап өтті.
«Бағдарламаның біраз жетілдіруді қажет ететін тұстары бар. Мониторинг нәтижесі көңілімізден шықпады. Себебі, көрсетілген мекенжай бойынша мүлдем жұмыс істемейтін нысандар анықталды. Дей тұрғанмен, айтылған ұсыныстарға назар аударып, бұл мәселелерді шешуге болады. Мәселен, енгізілетін FaceID жүйесі арқылы қызмет көрсетушілер есеп беру кезінде қиналмайды», - деді қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Алина Мурзаева.
Оқи отырыңыз: Ұлттар лигасы матчы: Қазақстан құрамасы Норвегиямен тең ойнады