Түркияда Бауыржан Момышұлы туралы жаңа кітаптың тұсауы кесілді

24.12.2021 17:35
Informburo

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты қолбасшысы, әскери стратег және белгілі жазушы Бауыржан Момышұлының 111 жылдығына орай түрік ғалымы Ашур Өздемірдің «Түркістанның от баласы Бауыржан Момышұлы» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Informburo хабарлағандай, жиында Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы екенін және еліміздің егемендігін алғаш болып мойындаған бауырлас Түркияның орнының ерекше екеніне назар аударды.

Осыған байланысты Елші Түркияда көптеген іс-шаралардың өткізілгенін еске салып, бүгінгі іс-шараның да тәуелсіздік мерейтойына және қазақтың біртуар батыры әрі жазушысы Бауыржан Момышұлының рухына тағзым және оның 111 жылдығына тарту екенін айтты.

Елші Момышұлының батырлығына, шебер қолбасшылығына тоқталды.

"Момышұлы Кеңес одағы азаматы және Қызыл армия қолбасшысы. Дегенмен де ол өмір бойы ұлттық болмысын сақтап, ұлттық рухын биік көтеріп өткен өз халқының бел баласы. Сондықтан ол сол кезеңде жаппай қолданылатын -ов жұрнағын тегіне алмай, ұлы сөзін қолданып, «Момышұлы» тегін мақтанышпен алып жүрген нағыз қаһарман", – деп атап өтті.

Еске салсақ, Ашур Өздемірдің қазақ тілі мен әдебиеті және мәдениетіне байланысты мақалалары ғылыми журналдар мен баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. Сонымен қатар Өздемірдің Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Шерхан Мұртаза сияқты белгілі жазушылардың шығармалары туралы зерттеп жүрген ғалым.

Теги: кітап