2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1 055 стипендия бөлінді
Ауылда тұратын жастар үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша квота сақталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Халықаралық бағдарламалар орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қағидаларға сәйкес квота бойынша халықаралық стипендияға соңғы үш жылда ауылда тұратын білімгерлер үміткер болады. Сондай-ақ, олар ауылдық елдімекенде соңғы екі жылда жұмыс істеуі тиіс.
«Оған қоса, GPA - ауылдық квота бойынша үміткерлер дипломының орташа балы 4.00-ден 2,67-ден кем болмауы қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл бойынша В1 деңгейінен кем емес, шет тілі бойынша IELTS кемінде 9.0-ден 6.0, TOEFL: PBT 677-ден 500, IBT 120-дан 60-78 нәтижесімен емтихан тапсырғаны туралы сертификаттың болуы міндетті. Үміткерлер бакалавр немесе маман дипломы бойынша мамандықты, мәндес мамандықтарды таңдай алады», – деп нақтылап өтті, ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозова.
Ауылдық квота бойынша стипендиаттар Қазақстан аумағында 6 айға дейінгі мерзімде тегін тілдік дайындықтан өтеді. Бұған қоса, ауыл тұрғындарына «Болашақ» бағдарламасына құжаттарды тапсыру сәтінде шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетінше түсу міндетті емес. Олар стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама шеңберінде оқуға ұсынылатын ЖОО тізімінен оқу орнын таңдай алады.
«2020 жылдан бастап «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына ауылдық елдімекеннен шыққан үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатысатындығын ескертеміз. Сонымен қатар, ауылдық квота бойынша түскен стипендиаттарға кепіл мүлкін ұсыну міндетті емес. Екі кепілгер болса жеткілікті. Кепілгер ретінде соңғы 12 жыл ішінде тұрақты табысы бар, ҚР-ның 50 жасқа дейінгі азаматы бола алады», – делінген хабарламада.
«Өңірлерге жұмыс істеуге баратын түлектер үшін еңбекпен өтеу мерзімі қысқартылды. Олар 5 жылдың орнына 3 жыл еңбекпен өтейтін болады. Біз бұл шара өңірлерге барып, ауылды жұмыс істейтін болашақшылардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деп атап өтті Айнұр Кәрібозова.
2020 жылдан бастап құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процесі толығымен автоматтандырылды. Бұл конкурстың іріктеуі ашық өтуін қамтамасыз етті. Үміткерлер еGOV мемлекеттік қызметтер порталы арқылы өтінім береді және өңірден шықпай-ақ, порталдағы онлайн іріктеудің барлық кезеңдерінен өтеді.
Биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау 4 мамырда басталып 28 қазанға дейін жалғасады. 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1 055 стипендия бөлінді. Олардың ішінен 555 стипендия магистратура, резидентура және докторантура бағдарламасы бойынша бөлінген. 500 стипендия жаңа «Ғалымдар» санаты бойынша тағайындалады.
Бұл санат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғалымдардың тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік беру мақсатында бекітілді.
«Болашақ» бағдарламасының шарты бойынша мемлекет студенттерге оқу шығындарын, ұшып бару мен қайту билеттерін, сондай-ақ виза алымдарын, медициналық сақтандыруды, ай сайынғы стипендия және оқу материалдарын сатып алуға жәрдемақы төлейді. Стипендия мөлшері қаланың және сол елдің өмір сүру деңгейіне қарай өзгереді. Мәселен, Нью-Йорк пен Лондонда ай сайынғы стипендия 2 мың АҚШ долларынан асады.
Дереккөзі: inform.kz