Мектептердегі орын тапшылығы қалай шешіледі

22.11.2023 17:41

Жетісу ауданында үш мектепте қосымша 800 оқушы орны болады

Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жетісу ауданындағы екі мектептің жанындағы қосалқы нысан құрылысы 2024 жылы аяқталады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оқушы орындарының тапшылығын төмендету үшін Алматының Жетісу ауданында үш мектепте 800 оқушы орнына қосымша ғимарат салу жұмыстары жүргізілуде. 

 - Құлагер шағынауданындағы №148 мектепке 300 орынды қосымша құрылыс аяқталды. Қазіргі уақытта мердігер ұйым нысанды тапсыру процесін жүргізуде. Сонымен қатар 2023 жылдың маусым айында 200 орынды №103 және 300 орынды №112 мектептерге қосымша құрылыс жұмыстары басталды. Осы объектілердің аяқталу мерзімі-2024 жылғы тамыз. Сонымен қатар тамыз айында № 101 мектепке 312 орындық акт залының қосымша құрылысы аяқталды, ал қараша айының басында № 80 мектепті сейсмикалық күшейтумен күрделі жөндеу аяқталды, - деді Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева.

Ол сондай-ақ ауданда «Мектеп автобусы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, оның аясында бес мектептен 1722 оқушыны жайлы автобус тасымалымен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Ал Айнабұлақ шағынауданының мемлекеттік балабақшаларында орын тапшылығын төмендету мақсатында, 2022 жылдың мамыр айында қолданыстағы құрылысты бұза отырып, 160 орындық жаңа балабақшаның құрылыс жұмысы басталды. Бүгінгі таңда балабақшаның құрылысы аяқталып, нысанды тапсыру процесі жүріп жатыр. Бұдан басқа, Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 2023 жылдың соңына дейін Боткин көшесі, 16 үй мекенжай бойынша жастар комьюнити-орталығын іске қосу жоспарлануда.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы "Кемел" шағынауданында жыл соңына дейін жаңа емхана ашылады