Қазақстанда сапа стандарттарына сай келмеген оқу орындары жабылып, лицензиялары қайтарылып жатыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Сапаны қамтамасыз ету үшін бақылау екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі – сапасыз жоғары оқу орындарын немесе колледждерді жабу және оларды лицензиядан айыру. Екіншісі – жоғары оқу орнын немесе колледжді бейіндеу, бейініне сәйкес келмейтін және сұранысқа ие емес лицензияға қосымшаларды қайтару», - деді А. Аймағамбетов Үкімет отырысында.
Қазіргі кезде толығымен 15 жоғары оқу орны және 31 колледж жабылды. Тағы 4 жоғары оқу орны және 29 колледж жабылу сатысында тұр. Министрдің мәліметінше, 61 ЖОО-ның 500 бағыты бойынша лицензиялары және 375 колледждің 2200 бағытының лицензиялары қайтарып алынды.
«Тағы 15 жоғары оқу орны мен 47 колледждің бейініне сәйкес келмейтін лицензиялары қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде. Мысалы педагогтерді даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 86-дан 50-ге дейін азайса, заңгерлерді даярлайтын нысандар – 72-ден 61-ге дейін азайды», - деді Білім министрі.