Он екі жылдық білім жүйесіне көшу мектептерге үлкен салмақ салады. Сондықтан асығыс шешім жағдайды ушықтыруы мүмкін
2021 жылдан бастап мектептер он екі жылдық білім беру жүйесіне көшеді. Бұл туралы бүгін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Он екі жылдық білімге 2021 жылы көшуді жоспарлап отырмыз", - деді Аймағамбетов мәжілістегі үкімет сағатында.
12 жылдық білім беру жүйесі 1-11 сыныптар жаңартылған мазмұндағы бағдарлама мен жаңа бағалау жүйесіне толығымен көшкеннен кейін енгізіледі.
"Егер асығыс шешім қабылдап, ойланбастан әрекет етсек, жағдайды ушықтырып алуымыз мүмкін. Себебі он екі жылдық білім жүйесіне көшу мектептердің инфрақұрылымына үлкен салмақ салады. Бұдан бөлек, мұғалімдер даярлау мен жаңа оқулықтар шығаруды талап етеді. Оның үстіне елімізде үш ауысымды мектептер де аз емес", - деді министр.
Айтуынша, жаңартылған бағдарламалар 2015 жылы бекітілген. Тиісінше, қазір барлық сыныптың 95 проценті жаңартылған мазмұнға көшті. Ал келесі жылы он бірінші сыныптар ауысады деп жоспарлануда.