Мектепте оқыту процесін цифрландыруды танымал етуге және Алматы қаласының үздік digital-ұстаздарын анықтауға бағытталған Digital Ustaz Almaty байқауы өз мәресіне жетті. Digital Ustaz Almaty байқауы еліміз бойынша алғаш рет өтті. «Алматы» телеарнасындағы «Басты назарда» бағдарламасының қонағы болған Алматы «Білім-Инновация» лицейінің ұстазы Digital Ustaz Almaty байқауының 2-орын иегері Нұрбек Серікұлы жеңісін «Алматы қаласы ұстаздарының жеңісі» деп санайды.
«Осы байқауға дейін цирфлық бағытта біліміміз болды. Дегенмен байқаудан кейін білімімізді артырып, кәсіби деңгейге жеттік. Digital Ustaz байқауы басталғалы бері осы уақытқа дейін көптеген сандық платформаларды қолдану жолын, тәсілдерін меңгердік. Бұл біздің ғана жеңісіміз емес, бүкіл Алматы қаласы ұстаздарының жеңісі деп айтсақ болады. Осындай игі шараға мұрындық болған Алматы әкімдігіне алғыс айтамын. Ұстаздар үшін өте үлкен қолдау көрсетті», – деді Алматы «Білім-Инновация» лицейінің ұстазы Нұрбек Серікұлы.
Сондай-ақ жеңімпаз ұстаз байқау аясында өзінің кәсіби біліктілігін шындап, өзге әріптестерімен тәжірибесін бөлісуге дайын екенін жеткізді.
«Байқауға дейін цирфлық бағытта біліктілік болған шығар, дегенмен бұл байқуда біліктілігімізді шындай білдік. Байқау аясында Ustaz Camp іс-шарасы өтті. Сол кезде ұстаздардың қолынан келмейтін ешнәрсе жоқ екенін сендірді. Кей нәрсені сабақта теория жүзінде өтсек, Camp-та теорияны практика түрінде қолдандық және оның өте оңай екеніне көз жеткіздік. Байқауға қатысқан 30 мұғалім өте білікті, кәсіби деңгейі жоғары, цифрлық білімі бар. Бұл іс-шарада ұстаздар бір-бірімен тәжірибе алмасты. Бізге үйреткен білімді басқаларға үйретпеуге біздің құқығымыз жоқ. Алған цифрлық білімімді өзгелермен бөлісуге әрқашан дайынмын. Цифрлық бағыт бізге жау емес, ол – білім беру құралы», – деді Алматы «Білім-Инновация» лицейінің ұстазы Нұрбек Серікұлы.
Бұл жоба Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған және Алматы қаласының әкімдігі, Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры, EdCrunchAcademy заманауи білім беру институты және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Бас серіктесі – «Алматы кітап баспасы» болса, ресми серіктесі – «Халық» қайырымдылық қоры.