Сағынтаев мектептердегі орын тапшылығын төмендету шаралары жөнінде айтты

25.08.2021 18:14

Қазіргі кезде қалада 12 600 орынды 8 мемлекеттік мектептің, сондай-ақ қолданыстағы мектептер жанынан салынып жатқан 8263 орынды 17 жаңа корпустың құрылысы жүріп жатыр

optimism.kz

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тамыз кеңесінде жаңа мектептердің құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Карантиндік шектеулерге қарамастан оқушы орындарының  тапшылығын азайту және қалалық білім беру мекемелерінің желісін одан әрі кеңейту мақсатында өткен жылдан бастап біз бірден бірнеше жобаны іске асыра бастадық», – деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Мәселен, қазіргі кезде қалада 12 600 орынды 8 мемлекеттік мектептің, сондай-ақ  қолданыстағы мектептер жанынан салынып жатқан 8263 орынды 17 жаңа корпустың құрылысы жүріп жатыр.

Биылғы оқу жылының басында 4150 орынды 9 жаңа корпус пайдалануға беріледі, 4113 орынды тағы 8 жаңа корпус жыл соңына дейін жұмысын бастайды. Сонымен қатар, оқу жылының басында қалада 2120 орынды 8 жеке меншік мектеп ашу жоспарлануда.

Таяу арада 3500 орынды тағы 4 мемлекеттік мектепті, 4400 орындық 11 жаңа корпустарды салу жоспарлануда, сонымен қатар жеке инвесторлармен бірге 4 мектептің жобалық қуатын ұлғайта отырып, реновациялау және 6 мың орынды 5 жеке ұйым ашу жоспарлануда.

Жоспарға сәйкес сейсмикалық нығайту және бірнеше мектеп ғимараттарын күрделі жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Сондықтан оқу үдерісіне кедергі келтірмеу үшін оқушыларды уақытша көшіру ұйымдастырылды.

Б. Сағынтаев Жайлы қалалық орта басқармасы мен Білім басқармасына бірге ағымдағы құрылыс пен жөндеу жұмыстарының барысына тиісті бақылауды және олардың уақытылы және сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.