ҚР Үкіметінің алдына шұғыл міндет қойылды
Тоқаев ауыл мектептерін жылдам интернетпен қамтуды тапсырып, алты айдан соң тексеретінін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі akorda.kz-ке сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда әлемнің беделді оқу орындарымен бәсекелесе алатын мықты мектептер бар, бірақ ондай білім ошақтарында балалардың жүзден бір бөлігі ғана оқиды. Осы ретте ол қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды ауыл мектептеріне көмектесуге шақырды.
Ал цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен және сабақтарымен қамтамасыз етуге болады.
- Сондықтан еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет. Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Жалпы білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуы керек, - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл өзекті мәселені шешуге "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы септігін тигізеді. Сонымен қатар барлық мектеп оқушысына сапалы оқыту контенті бар озық цифрлық платформалардың, соның ішінде электронды оқулықтардың қол жетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте барлық материал салалық сараптамадан мұқият өткізілуі керек.
Осы ретте президент қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды ең әуелі ауыл мектептеріне көмектесуге шақырды.
- Осы орайда мен қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды, ең әуелі, ауыл мектептеріне көмектесуге шақырамын. Мұғалімдерді негізгі цифрлық құралдарды қолдана білуге үйрету маңызды. Әрбір ұстаз тек өз пәнін жетік біліп қана қоймай, кең мүмкіндіктерге жол ашатын заманауи технологияларды да меңгеруге тиіс. Оқу процесінде цифрлық шешімдерді қолдану қалыпты жағдайға айналды. Қашықтан оқыту жүйесін белсенді түрде енгізу қажет. Дәстүрлі және онлайн форматтарды ұштастыру балалардың ақпаратты өз бетінше іздеу дағдысын дамытып, мектептегі ортаға бейімделу мүмкіндіктерін сақтауға ықпал етеді. Қашықтан оқыту көптеген елде сәтті қолданылып келеді. Пандемия кезінде бізде де осындай тәжірибе болды. Онлайн оқыту жүйесін одан әрі дамыту үшін тиісті құқықтық негіз қалауымыз қажет, - деді Президент.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға кемінде 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернет қолжетімді болады