Алматылық оқушылар олимпиадалық ұлттық құрама командасына енді

ӨКҚ
ӨКҚ
11 оқушы 5 күміс, 6 қола медаль иегері атанды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының 18 оқушысы олимпиадалар бойынша ұлттық құрама командасының құрамына енді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Алматы дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары Гүлнұр Кәрімғажының, сондай-ақ биология пәні бойынша Халықаралық Олимпиаданың қола жүлдегері Бақдәулет Ерназаровтың қатысуымен брифинг өтті.

Өткен оқу жылында Қазақстан құрамасы әлемнің 100-ден астам қатысушы елдері қатысқан математика, физика, география, химия, биология, лингвистика және информатика (JBMO, IMO, IPhO, IGeO, IChO, IBO, ILO, IOI) бойынша 8 престижді халықаралық олимпиадаларға қатысқаны белгілі болды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының мүшелері 33 рекордтық медаль (5 алтын, 17 күміс, 11 қола) жеңіп алды.

Гүлнұр Кәрімғажының айтуынша, дарынды балаларды қолдау, дамыту және әлеуметтендіру өте маңызды. 20 жылдан астам уақыт бойы Алматы қаласының олимпиадалық командасы халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ең үздік олимпиадалық командасы болып табылады. Бұл қаланың басты жетістігі мен мақтанышы.

Биыл республика құрама командасына Алматы қаласынан 18 оқушы қосылып, оның ішінде 11 оқушы 5 күміс, 6 қола медаль иегері атанды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды балаларды қолдау мақсатында биыл алғаш рет халықаралық зияткерлік сайыстардың жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға гранттар беріледі. Алтын медаль алған оқушыға 1500 АЕК, күміс медальға 1000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Мектеп оқушыларын жарысқа дайындаған ұстаздарға да біржолғы сыйақы беріледі.

Қазақстан Республикасы Білім министрінің 2022 жылғы 29 шілдедегі бұйрығымен жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған мұғалімдерге біржолғы сыйақы төлеу қағидалары бекітілді.

«Жалпы, Алматы қаласында дарынды балаларды қолдау бойынша бірегей тәжірибе жинақталған. Егер 2021 жылға дейін 56 олимпиада мен байқау өткізілсе, биыл 175-і өтті. Біз балаларды жеңуге көмектесетін оқу-жаттығу жиындарын тұрақты негізде ұйымдастырамыз. Балаларды шетелге шығару жоспарда бар», - деді Гүлнұр Кәрімғажы.

Математикадан халықаралық олимпиаданың (IMO) жетекшісі Владимир Жук олимпиаданың тәрбиелік мәні зор деп есептейді.

«Математикалық олимпиадалардың үлкен тарихы бар, бірінші олимпиада 19 ғасырдың аяғында Австро-Венгрияда өтті. Халықаралық математикалық олимпиада 60 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді. Соңғы уақытта Алматыда оларға дайындық деңгейі артты. 20 жыл бұрын алматылықтар нөлге жақын ұпай жинаса, қазір жеңімпаз атанып жатыр», - деді жетекші.

Владимир Жук олимпиадаларға қатысатын алматылық білім алушылар көбінесе Қазақстанның және шет елдердің танымал жоғары оқу орындарына түсетінін айтты.

Брифингке қатысушы халықаралық математика олимпиадасының (ІМО) қола жүлдегері Юрий Тен өзінің білімінің нәтижесінде ерте жастан американдық университетке оқуға түсуге мүмкіндік алған. Ол байланысқа оқу кампусынан шықты. Жақын уақытта университеттегі оқу жылы басталады, онда ол инженерге оқитын болады.

«Басқа елдердің оқушыларымен бәсекелесу өте қызықты, маған математикадан есептерді шешу өте ұнайды, өйткені оларды әртүрлі елдердің үздік жетекшілері құрастырады. Әдетте, барлық тапсырмалар күрделігіне қарай тәртіппен жүреді. Үшінші категорияны шешу ең қызықты, олар креативті болады. Олимпиадаларда мен жауапкершілікті сезінемін, өйткені мен өз елімді, Қазақстанды таныстырамын», - деп бөлісті Юрий Тен.

Биология пәні бойынша Халықаралық Олимпиаданың қола жүлдегері Бақдәулет Ерназаров журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, жаттықтырушы мен мұғалімдерге дайындықтары үшін алғысын білдірді. Оқушы биологияны 7-ші сыныптан бастап терең зерттей бастаған, оған барлық нақты ғылымдар әрқашан оңай берілді. Бүгінде ол жаңа олимпиадаларға дайындығын жалғастыруда.

Дерккөз: ӨКҚ

Новости партнеров