Бұл туралы Алматы қаласы білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева мәлімдеді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында қолжетімді және сапалы білім берудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Еңбек нарығында талап етілетін құзыреттерді қалыптастыруға кәсіптік білім берудің барлық жүйесін қайта бағдарлау мәселесіне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласы білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Алматы қаласының аумағында техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметіне лицензиясы бар 104 білім беру ұйымы тіркелгенін хабарлады. Оның ішінде 35-і мемлекеттік колледж, 61-і жекеменшік колледж.
Алматы қаласының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы бар мамандықтар мен біліктіліктер бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі бұйрығымен бекітілген 104 колледжде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің 15 бағыты бойынша рұқсаттары бар.
Спикер колледждерді бейіндеудің маңыздылығына жеке тоқталды.
«Техникалық және кәсіптік білім берудің мамандануы салалық бағыттар: техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылық және т. б. бойынша неғұрлым нақтыланатын болса, бұл өңірдің оқу орындарында мамандықтардың қайталануын болдырмайды. Техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі комиссия мүшелері бірінші кезекте колледждерді бейіндеуге баса назар аударуы тиіс», — деп атап өтті спикер.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын талаптарды арттыру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі ағымдағы жылдың шілде айында «Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 17 маусымдағы №391 бұйрығына өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын талаптарға, міндетті шарттарына төмендегі тармақтар қосылды:
- қолледждердің соңғы 2 жылда мамандығы бойынша білім алушыларды үздіксіз қабылдауды жүзеге асыруы;
- мамандық бойынша білім беру ұйымдары түлектерінің жұмысқа орналасуы және жұмыспен қамтылуы туралы мәліметтер, бұл ретте мамандық бойынша бітірушілердің жалпы санынан жұмысқа орналасқандардың және жұмыспен қамтылғандардың үлесі 75%-дан кем болмауы.
«Аталған талаптар колледждер үшін мамандарды бейіндеу және даярлау тұрғысынан шешім қабылдауға жақсы ынталандыру болады деп үміттенеміз. Бүгінгі таңда қаланың 5 колледжі 20 біліктілік бойынша лицензияға қосымшаны қайтарып берді және осы мәселе бойынша жұмысты біздің Департамент үнемі жүргізеді», — деп қорытындылады Г. Ермекбаева.