|
27.05.2020 | 13:46
1570

Табысы жоғары отбасыдан шыққан талапкерлер грантта оқымауы керек

Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асылбек Қожахметов айтты

Табысы жоғары отбасыдан шыққан талапкерлер грантта оқымауы керек Фото: ашық дереккөзден

Табысы жоғары отбасыдан шыққан абитуриенттер грантта оқымауы керек. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асылбек Қожахметов Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Baq.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Жиын барысында ол жоғары білім беру жүйесін дамытуға қатысты ұсыныс тұжырымдамасын жасағанын мәлімдеді. 

«Жағдайға толық баға беру үшін елде үш аңыз бар екенін білуіміз керек. Оның біріншісі, елде өте көп студент бар деген әңгіме. Шын мәнінде 1 миллион адамға шаққанда біздегі студенттер қатары АҚШ-тан екі есе, Малайзия, Франциядан 1,5 есе аз. Қазақстанда ЖОО қатары өте көп деген екінші аңыз бар. Негізі Малайзия, АҚШ, Ресеймен салыстырғанда екі есе аз», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол бізде білімге бөлінетін қаражат деңгейі өте төмен, бар болғаны 3,3% шамасында екенін айтты. 

«Дегенмен, біз білім сапасы бойынша әлемде 39 орындамыз. Бұл менің ойымша жақсы көрсеткіш. Алайда сапаны арттыру үшін оған бөлінетін қаражатты арттыру керек. Мәселен, Малайзия қорғанысқа қарағанда білімге 13 есе көп ақша жұмсайды, Корея 8 есе, Грузия 5 есе, Қазақстан 3 есе. Бізге бөлінетін қаражаттың тиімділігін қайта қарау керек. Халықаралық бағалауға қарайтын болсақ ағылшын тілі бойынша біз 100 елдің ішінде 93 орындамыз. Сонымен қатар, ауыл мен қала білімі арасында үлкен айырмашылық бар, яғни қала ауылға қарағанда 3 жыл алда», - деді ол. 

Сондай-ақ, ол еліміздегі әлсіз топтар үшін жоғары оқу орынды қолжетімді етуді кеңейту керектігін айтты. Оның ойынша, білім грантын бөлгенде жоғары баға алғандар бойынша есептемей, қажеттілік факторын есепке алу керек. Елімізде оқуға тапсырғандардың 30 пайызы ғана мемлекеттік грантпен білім алып жатыр екен. 

Қожахметов грант санын арттырып қана қоймай, мектепті ауылдан бітіргендерге басымдық беру қажеттігін айтты. Оның айтуынша, ақылы бөлімде оқитындардың 15 пайызы ғана ауыл балалары. Бұл мәселені шешу үшін ол кредиттік жүйені қайта енгізу қажеттігін ұсынды.

«Кредиттік жүйе оқудың қолжетімділігі бойынша өзін ақтаған әлемдік тәжірибе. Грант беруде абитуриенттердің әлеуметтік жағдайына назар аудару керек. Бізде кредитпен тек 1 пайыз ғана оқып жатыр, басқа елдерде бұл көрсеткіш жоғары 70 пайыз төңірегінде. Сондай-ақ бізде грант тағайындауда тек үлгеріміне қарамай, әлеуметтік жағдайына да мән беру керек. Табысы жоғары отбысыдан шыққан абитуриенттер грантта оқымауы керек. Гранттың 50 пайызын әлеуметтік жағдайына қарай тағайындау қажет. Қазір әлемдік университеттер соған көшіп жатыр», - деді ол.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир