Бақытжан Сағынтаев қаладағы үздік педагогтар мен білім беру ұйымдарын марапаттады

25.08.2021 в 19:27

1 қыркүйектен бастап Алматыдағы бүкіл мектеп, яғни 287 мекеме бұрынғы оқу режимімен жұмыс істейді

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев үздік педагогтар мен білім беру ұйымдарын марапаттады. Ұстаздарға арнайы төс белгілер тағылып, алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, пандемияға байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан алматылық оқушылар республика бойынша үздік нәтижелер көрсеткен. «Алматы білім беру форумы» барысы туралы толығырақ Almaty.tv тілшісінің келесі бейнемартериалда.

1 қыркүйектен бастап Алматыдағы бүкіл мектеп, яғни 287 мекеме бұрынғы оқу режимімен жұмыс істейді. 300 мыңға жуық бала ұзақ үзілістен кейін партаға отырады. Бүгін білім беру жүйесіне арналған телемарафон барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев оқуды бастамас бұрын ең алдымен балалардың денсаулығына қатаң көңіл бөлуге назар аударды. Жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.

«Тиісті басқармалар бірігіп 1 қыркүйектен бастап мектептердегі санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын күнделікті бақылап, керекті дезинфекциялық заттармен жабдықталуын бақылауы тиіс. Ал білім басқармасы баладан вирус анықталған кезде жасалатын қадамдардың нақты алгоритмін бекітуі керек. Сондай-ақ ата-аналармен кері байланыс орнату үшін сенім телефонын іске қосуға тапсырма беремін», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бұдан бөлек қала әкімі алматылық оқушылардың білім сайыстарында көрсеткен үздік нәтижелері қуантатынын тілге тиек етті. Былтырғы оқу жылында Республикалық олимпиадаларда қала оқушылары қанжығасына 68 медаль байлаған. Ал Президент олимпиадасында қаламыз 8-ші рет озат атанып отыр. 33 оқушы Халықаралық байқаулардың жеңімпазы болған.

Жаңа оқу жылы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қала әкімі үздік ұстаздар мен ұйымдарды салтанатты түрде марапаттады. Мұғалімдерге «Еліміздің білім берудегі құрметті жұмысшысы», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі және қала әкімінің «Еңбегі үшін» медалі табысталды. Алғыс хаттар берілді. Ал №140 мектеп гимназиясы «Ең үздік орта білім беру мекемесі» деп танылып, ұжым 34 миллион теңге көлеміндегі әкім грантын иеленді.

«Ұстаз еңбегін бағалап, қадірлеу ұстаздарды одан сайын шабыттандырып тың идеяларды жүзеге асыруына үлкен мүмкіндік тудырады. Мемлекет тарапынан ұстаздарға барлық жағдай жасалып, қолдау көрсетілуде», – деді №140 мектеп гимназиясының директоры Сәния Тілеубай.

Сонымен қатар «Ең үздік мектеп кітапханасы» байқауы бойынша қалалық №34 гимназия ұжымы жеңімпаз атанды. Жалпы қалада карантиндік шектеулерге қарамастан білім ошақтарын көбейту жұмыстары жүріп жатыр. 8 мемлекеттік, 17 жаңа корпус тұрғызылып жатыр. Тағы 4 мектеп пен 11 қосымша ғимарат салу жоспарланған.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы