|
25.08.2023 | 13:53
2543

Жаңа оқу жылы 25 мамырда аяқталады

36 апталық оқу ұзақтығына оралу мәселесі 2025 жылдан бастап қайта пысықталмақ

Жаңа оқу жылы 25 мамырда аяқталады halyq-uni

Жаңа 2023-2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Премьер-министрдің орынбасары оқушыларды 31 мамырға дейін оқыту шешімі асығыс қабылданғанын атты. «Халықаралық тәжірибе деп, бірден енгізу қателік болды» деген Тамара Дүйсенова мәселе 2025 жылдан кейін қаралатынын кесіп айтты. Ал алдағы оқу жылында білім ордаларында 25 мамырда соңғы қоңырау соғылады.

– 36 апталық оқу жүйесін енгізу халықаралық тәжірибе екенін мойындау керек. Бірақ ол тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Министрліктің оқушыларды 1 маусымға дейін оқытуы орынды, бірақ асығыс шешім болды. Биылдан бастап 34 апталық оқуға көшкен дұрыс болады, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Тамара Дүйсенова Қазақстандағы мектептерді басқару жүйесі нашарлағанын жеткізді. Сәйкесінше оқу ошақтарында білім сапасы да төмендеген. Билік мәселені оқушылардың оқу жетістігін бақылау арқылы шешуді көздеп отыр. Бағалау жүргізілсе, өңірлердегі әлсіз мектеп анықталады. Ал жергілікті әкімдіктер мұғалімдердің үздіксіз біліктілігін арттыруға қаржы бөледі.

– Оқу-ағарту министрлігіне «мұғалімдер қазіргідей жалпылама бағдарламалар бойынша емес, нақты, ашылатын тақырыптар мен жетіспейтін құзыреттер бойынша оқытылатын» қысқа мерзімді курстарды дайындау міндетін жүктелді. Сонымен қатар жергілікті билік мектептердің материалдық-техникалық базасы мәселесін шешуі тиіс. Олар кадр мәселесін де шешеді, – деді Тамара Дүйсенова.

Ал Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдердің жалақысы жыл сайын көтеріліп жатқанын айтты. Биыл ұстаздың айлығы 25 пайызға өскен. Педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша атқарылып жатқан іс-шараларды да жіпке тізді. Енді аттестациялау автоматтандырылады, яғни мұғалімнің қызметі туралы ақпарат жеке кабинетінде жинақталатын болады.  

– Жаңа оқу жылынан бастап педагогика және оқу әдістемесі бойынша тестілеу болмайды. Мұғалім тек өзі сабақ беретін пәні бойынша ғана тестілеуден өтеді. Болашақта педагог зерттеушіге педагог санатын беру тәртібі де қайта пысықталады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Екі күнге жалғасқан дәстүрлі тамыз кеңесі биыл жаңа форматта өтті. Барлық 20 өңір тақырыптық бағытқа бөлініп, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, ауыл мектебін дамыту, мектепте дұрыс тамақтану сияқты мәселеге тоқталды. Бүгін онлайн режимде білім беру жүйесінің 12 мың қызметкері қосылған 20 өңірдің қатысуымен бірыңғай республикалық пленарлық отырыс болды. Онда педагог-тәжірибешілер, сарапшылар, білім және психология саласының мамандары тәжірибесін бөлісті.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: 2023-2025 оқу жылдары: Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске қосылады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир