Биыл 1000 орындық 3 жатақхана салынуы тиіс еді, десе де, құрылыс тұралып қалған
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада жатақхана құрылысының жайын талқылау үшін жоғары оқу орындары басшыларын жинады. Әкімнің айтуынша, 2022 жылға дейін 20 мың орындық студенттер үйін салу жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал ағымдағы жылы шамамен 1000 орындық 3 жатақхана салынуы тиіс еді. Десе де, құрылыс тұралып қалған. Бірі қаржының жоқтығын, енді бірі басқа да мәселелердің барын айтты. Десе де, жыл сайын Алматыға ағылатын студенттердің саны көбейіп жатқандықтан, сұраныс қашанда жоғары. Сондықтан, жастарға сапалы білім алу үшін жағдай жасауымыз керек деді қала басшысы.
«Студенттердің жатақханаға орналасу мәселесі бойынша осыдан бастап атқарылып жатқан жұмыстарды қарап өтуіміз қажет. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы бойынша соғылып жатқан жатақханалардың жағдайы үкіметте, Президент әкімшілігінде қаралып өткен болатын. Біраз істер атқарылды. Дегенмен де, бірқатар проблемалар бар», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Жиында жоғары оқу орындарындағы асхана тазалығы, өрт қауіпсіздігін сақтау мәселелері де талқыланды. Қала басшысы тиісті органдарға бірнеше тапсырма берді.