Аймақта жыл сайын оқушы саны 10 мыңға артады
Алматы облысы Іле ауданында үш ауысымдық мектеп мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Аймақта Білім күні қарсаңында 4500 оқушыға арналған 3 бірдей оқу ордасы есігін айқара ашты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соның бірі – Боралдай кентінде орналасқан №54 жалпы білім беретін мектеп. Заман талабына сай жабдықталған әлеуметтік нысанда 60 оқу кабинеті мен 6 зертхана, спорт залы мен екі жаттығу алаңы бар. Оқушылардың денсаулығын тексеруге арналған заманауи құралдармен жабдықталған бөлме де қарастырылыпты.
– Алматы облысы – республика бойынша 3 ауысымды мектептер көп облыстардың бірі. Алматы облысында 51 үш ауысымды мектеп бар. Сол себепті Президенттің тапсырмасына сәйкес, былтырдан бастап 16 мектептің құрылысы салынып жатыр. Соның 9-ының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді, – деді облыстық Білім басқармасының басшысы Салтанат Бесбаева
Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының айтуынша, аймақта жыл сайын оқушы саны 10 мыңға артады. Биыл жаңа оқу жылын 340 мың оқушымен бастамақ. Оның 38 мыңы мектеп табылдырығын енді аттайды. Олардың 82 пайызы мемлекеттік тілдегі білім ордаларын таңдапты.
Оқи отырыңыз: Бүгін - Білім күні