Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ-қытай бірлескен зертханасы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қашықтан зондтау технологиясын қолдану» орталығы экологиялық мәселелерді бақылауға алатын болады. Орта Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан болған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты мәселелерге мониторинг жүргізіледі. Зертхананың салтанатты ашылуына қос елдегі ғылым саласының өкілдері мен Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы комитетінің губернаторы және ғалым-профессорлар қатысты.
– Зертханада ғалымдар табиғи ресурстарды үнемді пайдалану мен экологиялық мәселелерді шешудің инновациялық тәсілін әзірлеуге күш салады. Мұндай мекеменің құрылуы Қазақстан мен Қытай үшін ғана емес, Орталық Азия елдері үшін жаңа есіктердің ашылуына мүмкіндік береді. Соның ішінде халықаралық жоғары технологиялық платформа құруға болады, – деді ҚХР Ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институтының бас директоры Чжан Юаньмин.
Қашықтан бақылау арқылы аймақтағы табиғи қауіп-қатерді алдын ала ескертіп, экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету көзделген. Делегаттардың пікірінше, бұл технологиялар мен зерттеулер салаға айтарлықтай өзгеріс әкеледі.
– Төтенше жағдайлардың алдын алу шешімдерін көре аламыз. Мысалы геожүйелер, орман, су, жер ресурстарының сапасын қашықтан технология арқылы көріп, алдын ала болжай аламыз, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева.
Оқи отырыңыз: Дауылды ескерту: елдегі су айдындарына үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатыр