|
27.03.2024 | 13:58
1375

Дауылды ескерту: елдегі су айдындарына үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатыр

Ел аумағында жедел желі жұмыс істеп тұр

Дауылды ескерту: елдегі су айдындарына үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатыр Almaty.tv

Еліміздің 5 облысында дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болатынын айтып, дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарғын су Ақтөбе мен Қостанай облысы тұрғындарын әлекке салды. Қалыптасқан жағдайға байланысты ел аумағында Төтенше жағдайлар министрлігі мен жедел штаб қарқынды жұмыс істеп жатыр. Жедел желі іске қосылды. Су айдындарына мониторинг жүргізу бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Ақтөбе облысына апаттық құтқару жұмыстарын жүргізу үшін қосымша Маңғыстау облысының күштері тартылды. Қазір облыстағы Шұбарқұдық кентіндегі жағдай тұрақталды. Оған 150-ден астам адам мен 30 техника жұмылдырылды. Облыстың өзге аумақтарында да су тасқынына қарсы іс-шаралар белсенді жалғасып жатыр.

– Темір ауданы Шұбарқұдық елдімекенінде орналасқан өзеннің жағалауларын жергілікті атқарушы орган, ТЖД қызметкерлері қарқынды нығайту жұмыстарының нәтижесінде аталған елдімекенде 27 наурызда қауіп сейілді. Қажеттілігіне қарай, Маңғыстау облысынан келген 52 әріптесіміз елдімекендегі аулалардан су шығару жұмысын жалғастырады, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.

Еліміздің батыс өңірінде 1 тәуліктің ішінде 100 мың текше метрге жуық қар суы сорылған. Оған Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардан 370 адам мен 157 техника жұмылдырылды. Тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелмеген. Ал Абай облысындағы Жарма ауданының Подхозное кентінде 3 аула учаскесі су астында қалған. Жауаптылар су бұру жұмыстарын жүргізген соң жағдай тұрақталған. Мамандардығ айтуынша, Аягөз ауданындағы жағдай тұрақты.

– Аягөз ауданының Аягөз қаласында Аягөз өзенінің арнасынан су көтерілді. Соның салдарынан 5 аула учаскесі су астында қалды. Жергілікті атқарушы органнан 12 адам және 4 бірлік техниканың күшімен үйінділер жасалып, өзен жағасын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Су басқан тұрғын үй жоқ, – деді Аягөз ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Дархан Нұғаметов.

Ақмола облысындағы Целиноград ауданының Қоянды ауылында да су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр.

– 27 наурыз сағат 6:00 Целиноград ауданы Қоянды ауылы. Аула аумақтарынан су тарту жұмыстары жалғасуда. Ақмола облысы және Астана қаласының ТЖД және Целиноград ауданы жергілікті атқарушы органнан 76 адам, 17 бірлік техника және 18 мотопомпа жұмылдырылды. Өткен тәулікте 80 мыңға жуық текше метр су тартылды. Жұмыстар жалғасуда, – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы Қанат Доспаев.

Айта кетейік, қазір ел аумағында жедел желі жұмыс істеп тұр. Су айдындарына үздіксіз мониторинг жүргізілуде.

Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысындағы Жем өзені тасуы мүмкін

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир