Елбасының сыныптастары оқушылармен кездесті

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұңғыш Президент күніне орай Алматы мектептерінде өткізілген ашық сабақтарда оқушыларға Елбасы өмірінен сыр шертілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы мектептерінде  Тұңғыш Президент күніне орай ашық сабақтар өткізілді. Елбасының сыныптастары мен замандастары естелік сөздер мен құттықтаулар айтқан салтанатты ашық сабақтар Алатау ауданының бірнеше мектептерінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұңғыш Президент күніне орай Алматы мектептерінде өткізілген ашық сабақтарда оқушыларға Елбасы өмірінен сыр шертілді. Салтанатты сабаққа келген қонақтарды білім нәрімен сусындаушылар патриоттық әндер мен қазақтың ұлттық билерін орындап, күтіп алған болатын. Ерекеше атап өтетіні, оқушыларға оның балалық армандары, оқушы кезеңі, мектептегі бағалары және жұмыс жолы туралы мұғалімдер емес, мектептерге арнайы шақыртумен келген Елбасының сыныптастары айтып берген еді.

«Бәрі білгісі келетін сұрақтардың бірі – "Нұрсұлтан Назарбаев көктен Президент болып түсіп пе еді?" дегендей сауал ғой. Ол да - ет пен сүйектен жаралған қарапайым адам. Сондай-ақ, ерекше атап өтуге болатыны - ол Нұрекеңнің қарапайымдылығы. Ылғи бізбен кездесіп тұрады. Оны кездесу барысында Президент деп ойламайсың да, бізбен бірге 10 сыныптың оқушысы болып кетеді», - деді Н. Назарбаевтың сыныптасы Кеңесбай Байбосынов.

Мерекелік сабақты ұйымдастырушы №169 мектеп-лицейінің мұғалімдері де Елбасының өмір тарихы жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеудің ең керемет үлгісі деп санайтынын алға тартады.

«Мұндай іс-шаралар өткізу, білім алушыларға, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, бойларында жақсы адамгершілік қасиет, туған жеріне деген сүйіспеншіліктерін нығайтады деп білеміз және бүгін барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймыз!», - деді Алматы қаласы № 169 мектеп-лицей директоры Гүлжан Бекенова.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасының қалыптасу кезеңдерін көрсету арқылы жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында мегаполистің №26 мектебінде өткізілген ашық сабақта арнайы деректі фильмдер де көрсетілді. Ал, №14 пен №60 мектепте бірге оқыған сыныптастары Елбасының тәуелсіз Қазақстанды дамыту мен нығайтудағы зор үлесі, әлемдік деңгейдегі қайраткерлік рөлі және жақсы қасиеттері туралы естеліктерімен бөлісті.

«Сабақты өте жақсы оқитын. Бір тақырыпты басынан аяғына дейін бәрін айтып шығатын. Сонда біз таңғалатынбыз. 1964 жылы газеттен Юрий Гагаринмен түскен суретін көрдік. Ортамыздан осындай адамның шыққанына қуанамыз. Өзімізді бақытты адам ретінде санаймыз», - деді Н. Назарбаевтың сыныптасы Ғалия Жексенбаева.

Елбасының құрметіне орай өткізілген ашық сабақтар соңында мектеп оқушылары халық көшбасшысының өмірінен қызықты әрі тың деректермен сусындап, көптеген сұрақтарына жауап алды. Тұңғыш Президенттің замандастарымен тілдескен білімгерлер Назарбаев салған дара жолды үлгі тұтып, бұл кездесуді естерінде мәңгілікке сақтамақ.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров