Түркістан облысында 7 және Қарағанды облысында 1 мектеп интернетке әлі қосылмаған
Мектептері тиісті деңгейде интернетпен қамтамасыз етілмеген өңірлер белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мектептерде 15 цифрлық білім беру платформасы қолданылады. Оның қатарында Күнделік, онлайн мектеп, дарын онлайн тағы басқа ресурстар бар. Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміз бойынша 6936 мектептің 99 пайызы интернетпен қамтылған. Мектептердің 83 пайызында интернеттің жылдамдығы секундына 8 мегабиттен бастап 200 мегабитке дейін құрайды», - деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов министрліктің аппараттық жиналысында жасаған баяндамасында.
Оның айтуынша, Түркістан облысында 7 және Қарағанды облысында 1 мектеп интернетке әлі қосылмаған.
«Түркістан, Қарағанды, Алматы және Жетісу облысы бойынша мектептердегі интернеттің жылдамдығы секундына 512 килобиттен төмен. Аталған облыстардың әкімдері байланыс операторларымен 8 мектепті интернетпен қамтамасыз етуі және 1150 мектепте интернет жылдамдығын арттыруы қажет», - дейді ол.
Одан бөлек, министр орынбасары мектептерді компьютерлік техникамен қамту мәселесін қозғады. Вице-министр келтірген статистикаға сәйкес еліміз бойынша мектептерде 503 855 мың компьютер, 388 397 ноутбук және 69 211 планшет бар.