|
14.05.2022 | 14:22
369

Орталық Азия елдерінде қазақстандық ЖОО филиалдары ашылуы мүмкін

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты

Орталық Азия елдерінде қазақстандық ЖОО филиалдары ашылуы мүмкін Асхат Аймағамбетовтың Ғacebook ​парақшасынан

Орталық Азия елдері ректорларының форумында бірқатар мәселе көтерілді, соның бірі - жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мүмкіндігі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов  Ғacebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv .

«Бұл - былтыр қол қойылған Түркістан декларациясында көрсетілген жоспарларды жүзеге асыратын форум. Негізгі мақсат – өңірлік деңгейде ынтымақтастықты нығайтып, аймақта біртұтас кеңістік құруға мүмкіндік беретін Орталық Азия жоғары білім аймағын құру», - деп жазады министр.

Аймағамбетовтың айтуынша, биыл Қазақстан Чехиямен бірге Болон процесін Басқару тобына (BFUG) тең төрағалық етіп жатыр.

«Бүгін біз Қазақстанда BFUG өкілдігін ашу мәселесін көтердік. Бұл Еуропа мен Орталық Азия елдері арасындағы жоғары білім саласындағы әріптестікті күшейтуге және Болон процесі қағидаттарын өңірде таратуға мүмкіндік береді», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Аталған форум жұмысына министрліктер өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия елдері университеттерінің 133 өкілі қатысқан.

Ведомство басшысының хабарлауынша, форум қорытындысында Орталық Азия ЖОО-ларының альянсын құру туралы меморандум қабылданды. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан университеттері арасында екіжақты келісімдерге қол қойылды.

Сондай-ақ Орталық Азия елдерінде қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мүмкіндігі талқыланған. Әр мемлекет үшін басым бағыттар бойынша бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын әзірлеу жоспары әзірленді.

«Университеттер өз арасында оқытушылар және студенттермен алмасады. Бұл бағытта біз әл-Фараби атындағы стипендиялық бағдарламаны іске қосып, Орталық Азия елдерінің азаматтарына квота бөлуге дайынбыз», - деп түйіндейді министр.

Бұған дейін хабарланғанындай, қазақстандық ЖОО-лар оқу бағдарламаларын өздері өзгертеді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Прямой эфир